Тоқаев Қазақстанның барлық аймағында жаппай құрылысты жандандыруға шақырды

Тоқаев Қазақстанның барлық аймағында жаппай құрылысты жандандыруға шақырды
Фото: Бейнеден кадр

Қазақстанның барлық өңірінде құрылыс жұмыстары жандана түсуі керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ел бойынша әлеуметтік нысандар салуды басты міндеттердің бірі деп атады. Оның айтуынша, әңгіме бірлі-жарым ғимарат тұрғызу туралы емес, бүкіл елді қамтитын ауқымды құрылыс жайында болып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін алдымен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту қажет екенін айтты.

– Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды. Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз, – деді Президент.

Тоқаев Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру туралы бұған дейін де айтқанын еске салды. Енді бұл жұмысты жекелеген жобалармен шектемей, барлық аймақта қолға алу қажет екенін жеткізді.

– Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда Президент құрылысқа бірден кірісе бермей, алдымен әр өңірге нақты қандай нысандар қажет екенін анықтауды тапсырды.

Әңгіме ауруханалар, мектептер, мәдениет және спорт нысандары туралы болып отыр. Мемлекет басшысының сөзінше, облыстардың осы нысандарға деген қажеттілігі жан-жақты зерттеліп, толық талдануы керек.

– Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек, – деді Президент.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу