Ұлттық қордан ел игілігіне 6,5 трлн теңге бағытталады: қандай нысандар салынады?

Ұлттық қордан ел игілігіне 6,5 трлн теңге бағытталады: қандай нысандар салынады?
Фото: ашық дереккөз

Елімізде 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ауқымды жоспар әзірлейді. Оның аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, қолданыстағы инфрақұрылым жаңартылады.

«Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет», – деді президент.

Тоқаев Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану керектігін атап өтті. Оның сөзінше, бөлінген қаржының нақты экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы тиіс.

Қандай нысандар салынады?

Президенттің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту жоспары аясында өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше балаларға арналған спорт залдары бар.

Сонымен қатар 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға да басымдық беріледі. Жоспар бойынша, көптеген елді мекенге газ және таза ауыз су жеткізіледі.

Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуге тиіс. Бұл тізім еліміздің барлық өңірін қамтуы қажет.

Бағдарлама «Халықтық құрылыс» деп аталады

Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды бастамаға «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынды.

Президенттің пікірінше, бағдарлама халықтың әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерліктің дамуына және ұлттық экономиканың жандануына ықпал етеді.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Жобаның игілігін бүкіл халық, әсіресе, өскелең ұрпақ көруі керек.

Қазақстан экономикасы туралы не айтылды?

Жолдауда президент ел экономикасының қазіргі жағдайына да тоқталды. Тоқаев Халықаралық валюта қорының болжамына сүйеніп, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтайтынын айтты. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады.

Мемлекет басшысының сөзінше, экономика көлемі бойынша Қазақстан әлемде 47-орынға көтеріледі. Ал өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14%-дан асқан.

Сонымен қатар елдің алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 130 млрд доллардан асқан.

Тоқаев осы экономикалық әлеуетті елдің инфрақұрылымын жаңғыртуға, өңірлерді дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағыттау қажеттігін атап өтті.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу