Ақтөбеде мектеп оқушысын зорлаған 22 жастағы ер адам сотталды

Ақтөбеде мектеп оқушысын зорлаған 22 жастағы ер адам сотталды
Фото: depositphotos.com

Ақтөбеде кәмелетке толмаған мектеп оқушысын зорлаған 22 жастағы ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.

Қылмыстан кейін жәбірленуші қыз интернеттегі қысым мен қорлауға да тап болған. Қазір ол психологиялық көмек алып, оңалту курсынан өтіп жатыр.

Оқиға 19 мамырда болған. Мектеп оқушысы құрбысымен серуендеп, кейін оның үйіне барған. Сол жерде құрбысының өзінен үлкен ағасы қызға күш көрсетіп, зорлаған. Жәбірленуші күдіктіні бала кезінен таныған.

Аталған іс Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы кәмелетке толмаған қыздың қарсылығына қарамастан, оған күш қолданған. Алайда сотталушы өз кінәсін мойындамаған.

Сот жәбірленуші мен куәгерлердің жауаптарын, сараптама қорытындылары мен заттай дәлелдерді зерделей келе, ер адамның кінәсі толық дәлелденді деген шешімге келген. Прокурор 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Нәтижесінде сот оны Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, дәл осы мерзімге соттады.

Алайда қайғылы оқиғадан кейін қыздың басынан өткен қиындықтар мұнымен аяқталмаған. Ол әлеуметтік желілерде қудалауға ұшырап, жеке суреттері интернетте таралған. Психологиялық қысым салдарынан қыздың жағдайы күрт нашарлап, өміріне қауіп төндіретін әрекетке барған.

Жәбірленушінің әпкесі Ақмарал Ажигалиеваның айтуынша, қылмыстық істі тергеу бес айға созылған. Оның сөзінше, соттың шешімімен отбасы қанағаттанған.

Қылмыстан кейін мектеп оқушысы бұрынғы оқу орнынан кетуге мәжбүр болған. Қазір ол колледжде білім алып жүр. Сонымен қатар психологтердің көмегіне жүгініп, оңалту шараларын жалғастыруда.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу