Ақтөбеде неке сарайында 26 жастағы келіншекті пышақтап өлтіріп кетті

Ақтөбеде неке сарайында 26 жастағы келіншекті пышақтап өлтіріп кетті
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе қаласындағы Неке сарайында 26 жастағы келіншек пышақ жарақатынан көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, ол ғимаратқа қазіргі таңдаған азаматымен бірге барған, деп хабарлайды Politico.kz. 

Куәгерлердің сөзінше, қанды қылмысқа марқұм келіншекпен бұрын бірге тұрған күйеуі күдікті ретінде танылып отыр.

Оқиға бүгін болған. Сол маңда жүрген адамдар ғимарат ішінен шыққан жанұшырған айқайды естіген. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жеткенде, келіншек еденде қансырап жатқан. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Марқұм мен күдікті заңды некеде болмаған. Бірақ бірге тұрған.

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, оқиғаның алдында марқұм мен күдікті ер адамның арасында жанжал туындаған. Олардың болжамынша, ер адам бірнеше баласы бар азаматтық некедегі әйелінің басқа азаматпен бас қосқалы жүргеніне наразы болған. Қайғылы жағдайға осы қызғаныш себеп болды деген болжам бар.

Құқық қорғау органдары күдіктінің оқиғадан кейін көп ұзамай қолға түскенін хабарлады.

«Қызметкерлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ізін суытпай күдіктіні анықтап, ұстады. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен салдарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр»,  – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев.

Қазіргі уақытта кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасуда.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу