Ақтөбеде студентті төртінші қабаттың терезесінен дүкенге жұмсаған: жасөспірім қаза тапты

Ақтөбеде студентті төртінші қабаттың терезесінен дүкенге жұмсаған: жасөспірім қаза тапты
Фото: time.kz

Ақтөбедегі колледж жатақханасында түн ішінде тамақ алуға дүкенге жіберілген 16 жастағы студент төртінші қабаттан құлап, көз жұмды. Оны терезеден түсірмек болғандар бес көрпені бір-біріне байлаған. Ал жасөспірімге дүкенге баруды бұйырды деген жоғары курс студенті қазір сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz "Время" басылымына сілтемемен.

Қайғылы оқиға 29 сәуірде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған.

Айыптау материалдарына қарағанда, сол түні 16 жастағы үш студент бөлмесінде телефонмен ойын ойнап отырған. Оларға төртінші курста оқитын 21 жастағы Мәди Сүгербай келген. Әскерде қызмет етіп келген жігіт алдымен темекі сұраған. Балаларда темекі болмаған соң, біреуін басқа бөлмелерден іздеп келуге жіберген. Бірақ ол құр қол оралады.

Мұнымен әңгіме бітпеген. Бұл жолы Сүгербай тамақ алдырғысы келген. Алайда жатақханада ұйқы уақыты басталып, қабаттардағы есіктер мен ғимараттың кіреберісі құлыпталып қойған еді.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Мәди әлгі студентті төртінші қабаттың терезесінен шығарып, дүкенге жібермек болған. Бала келіспеген соң, кім баратынын «су-ли-фа» ойыны арқылы анықтауды ұсынған.

Бірақ ойын ойналмаған. Сүгербай балалардың арасындағы 16 жастағы Нұрбақыт Бақыттың қорқып отырғанын байқап, дүкенге соны жұмсаған. 

«Сен дүкенге терезеден шығып барасың», – деген Сүгербай Нұрбақытқа.

Ол сонымен бірге төменгі курс студенттерінің бетімен кеткенін айтып, оларды «тәрбиелеу» керек екенін жеткізген.

Нұрбақытқа 2 мың теңге мен азық-түлік салатын қара сөмке берілген. Терезеден түсу үшін бес жамылғы пайдаланылған. Айыптау тарапының мәліметінше, Мәди көрші бөлмеге өтіп, сол жақтан бақылап тұрған. Балалардың біріне есік алдында қарауылдауды, екіншісіне Нұрбақытқа көмектесуді тапсырған.

Сотта белгілі болғандай, Нұрбақыт сыртқа шыққанда қатты қорыққан. Қасындағы студент одан қорқып тұрғанын сұрап, «иә» деген жауап алған соң, бөлмеге қайта кіруіне көмектескен.

Алайда айыптау нұсқасына сәйкес, Мәди қайта келіп, баланы асықтырған. Нұрбақыт екінші рет терезеден шыққан. Ол үшінші және төртінші қабаттың арасында төменге құлап кеткен.

Балалар дереу тәрбиешіні шақырған. Көп ұзамай полиция келіп, жедел жәрдем жеткенше студенттер Нұрбақытқа алғашқы көмек көрсетуге тырысқан.

Ал айыптау материалдарында Сүгербайдың сол сәтте «Жата берсін, шіріп» дегені жазылған. Сондай-ақ ол екі жасөспірімнен полицияға Нұрбақыт терезеден өз еркімен түскен деп айтуды талап еткен көрінеді.

Ауруханаға жеткізілген Нұрбақыттың өмірін дәрігерлер 42 күн бойы сақтап қалуға тырысқан. Алайда жасөспірім көз жұмды.

Қазір Мәди Сүгербайға Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Ол Нұрбақытты қауіпті жағдайда қалдырды және абайсызда өліміне себеп болды деп айыпталып отыр. Сотталушы тағылған айыптарды мойындамайды.

Сот барысында жатақханадағы басқа да жайттар белгілі болған. Кәмелетке толмаған студенттердің айтуынша, жоғары курс студенттері жаңадан келгендерді қорқытып, ұрып-соққан. Бірін аяқкиім сөресінің темірімен, енді бірін қанжармен ұрған жағдайлар болған. Жұдырық жұмсап, шапалақпен ұрғандар да кездескен.

Алайда балалар бұл туралы ешкімге шағымданбаған. Себебін олар шағымданғандарды өзгелер «жасық», «сөз тасушы» деп атайтынымен түсіндірген. Бұл сөздерді сот залында колледж өкілі де тыңдаған.

Тағы бір жасөспірімнің сөзінше, Мәди Сүгербай бұған дейін басқа студенттерді ұрғаны үшін жатақханадан шығарылған. Оны студенттерге қол көтеріп жатқан жерінен оқытушы көріп қалған екен. Бірақ біраз уақыттан кейін Мәди жатақханаға қайта оралған.

Осы оқиғадан соң колледж жатақханасында студенттерді бөлек орналастыра бастаған. Енді бірінші курс студенттері екінші қабатта, жоғары курс студенттері үшінші қабатта тұрады. Олардың кіретін есіктері де бөлек.

Ал марқұм Нұрбақыттың анасы Құлайым Қолова тек Мәди Сүгербай емес, колледж бен жатақхана басшылығы да жауап беруі керек деп есептейді.

«Оларды да жауапқа тартқым келеді. Меніңше, ол жерде студенттердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген, тәртіп жоқ. Ұлым өмір үшін күресіп жатқанда тәрбиешілердің бірінен «Неге балаларға қарамадыңыздар?» деп сұрадық. Сонда ол: «Соттаса, соттасын, біз ұйықтап жатқанбыз», – деп жауап берді. Сонда жауапкершілік қайда? Мен оларға баламды сеніп тапсырдым ғой. Колледж директорын мүлде көрмедім. Келген де жоқ, кешірім де сұрамады. Денсаулығында бір кінәрат бар екенін айтты. Ал басқа мұғалімдер келіп, соңына дейін көмектесті. Нұрбақытты соңғы сапарға шығарып салды», – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу