Ақтауда хирургке шабуыл жасаған ер адам үйқамаққа жіберілді

Ақтауда хирургке шабуыл жасаған ер адам үйқамаққа жіберілді
Коллаж: Politico.kz

Ақтауда балалар хирургіне шабуыл жасады деген күдікке ілінген Шаншархан Абдухалим үйіне оралды. Сот оны тергеу аяқталғанша үйқамақта ұстау туралы шешім шығарған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ер адамның адвокаты Әлхат Ақжігітов хабарлады. Оның айтуынша, сот күдіктіге белгілі бір шектеулер қойып, үйқамаққа жіберген. Тергеу әлі жалғасып жатыр.

Адвокаттың сөзінше, тергеу органы күдіктіні қамауға алуды сұрамаған. Оның бала-шағасы барын ескеріп, үйқамаққа жіберу туралы өтініш білдірген.

Шаншархан Абдухалимнің әйелі де әлеуметтік желіде күйеуінің үйге оралғанын жазды. Ал олардың ұлы әлі дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр.

«Аллаға шүкір, жолдасым үй қамаққа шығарылды. Ең бастысы, қазір жанымда, ал балам дәрігерлердің бақылауында, ем қабылдап жатыр», – деп жазды ол.

Бүгін, 3 қарашада, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да үкіметтегі брифингте осы оқиғаға қатысты пікір білдірген. Министр ер адамның мұндай әрекетке неліктен барғанын тергеу анықтайтынын айтты.

Еске салайық, 31 қазанда Ақтаудағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде жанжал шыққан. Науқас баланың әкесі Шаншархан Абдухалим хирург Қанат Измаиловқа шабуыл жасаған. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп, бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Кейін баланың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Арада көп өтпей Шаншархан Абдухалимнің бейнеүндеуі жарияланды. Онда ол жанжалдың неден шыққанын өз нұсқасы бойынша түсіндірді. Кейін блогерлердің бірі хирург Қанат Измаиловтың да оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан бейнежазбасын жариялады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу