Ақтөбеде өгей әкесі 13 жастағы баланы азаптап, жұмысқа жеккен
Ақтөбе қаласының №2 соты кәмелетке толмаған баланы азаптағаны үшін 39 жастағы қала тұрғынын 4 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Сотталушы өгей ұлына ұзақ уақыт бойы күш көрсетіп келген. Ол 13 жастағы жасөспірімді өз еркіне қарсы базарда жұмыс істеуге мәжбүрлеп, жүйелі түрде соққыға жыққан. Сараптама баланың денсаулығына зақым келгенін растады.
Қылмыс мектеп мұғалімдерінің тексерісінен кейін ашылды. Қыркүйек айында жаңа мектепке ауысқан оқушы 8-ші күні сабаққа келмей қалған. Сынып жетекшісі анасына хабарласқанда, әйел баласының өгей әкесінен таяқ жегенін жеткізген.
Мектеп әкімшілігі, психолог және әлеуметтік педагогтан құралған комиссия оқушының үйіне барды. Олар баланың денесіндегі көгерген жарақаттарды көріп, акт толтырып, полицияға хабар берді.
Сот процесінде куәгерлердің айғақтары айыпталушының кінәсін толық дәлелдеді. Ер адам Қылмыстық кодекстің 110-бабы «Азаптау» бойынша жауапқа тартылды. Ол кінәсін ішінара ғана мойындады.
Судья сотталушының бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескерді. Алайда жасалған қылмыстың сипатына байланысты оны қоғамнан оқшаулау туралы шешім қабылданды.
Сотталған азамат пен баланның анасы заңды некеде тұрады, олардың ортақ балалары бар.
Осыған ұқсас жағдай бұған дейін Жамбыл облысында да тіркелген болатын. Онда өгей әкесі өз ұлдарын бес жыл бойы құлдықта ұстағаны үшін жауапқа тартылған еді.
Соңғы жаңалықтар