Ақтөбеде полицей күйеу баласына оқ жаудырды

26.08.2026 13:11 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбеде полицей күйеу баласына оқ жаудырды
268
Иллюстрация/Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Ақтөбе облысында қарындасын ұрып-соққан күйеу баласын қызметтік тапаншамен атып өлтірмек болған полиция аға лейтенантына қатысты сот басталды, деп хабарлайды Politico.kz порталы hronika.kz басылымына сілтемемен.

Райымбек Қалиуллинов Хромтау аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік инспекторлар тобында учаскелік инспектордың көмекшісі болып жұмыс істеген. Қазір оған Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі бойынша "адам өлтіруге оқталу" айыбы тағылып отыр.

Айыптау актісіне сүйенсек, оқиға 2026 жылдың 28 наурызында болған. Таңертең ол кезекші бөлімнен өзіне бекітілген Макаров тапаншасы мен 16 жауынгерлік оқты алады. Офицер кешкі сағат 22.00-де Хромтау қаласындағы №3 учаскелік полиция пунктінде түнгі кезекшілікке кірісуі керек еді. Алайда сағат 13.00 шамасында табельдік қаруын өзімен бірге алып, қызмет орнынан кетіп қалған.

Түстен кейін Қалиуллинов үйіне барып, азаматтық киімге ауысады. Бірақ қаруын тастамай, отбасымен бірге Хромтау ауданындағы Дөң ауылында тұратын ағасының үйіне барады. Іс материалдарында оның гараж ішінде ағасымен және күйеу баласы Сабыржан Ізбаевпен бірге ішімдік іше бастағаны айтылады. Сәлден соң ол туыстарын Хромтаудағы өз үйіне шақырады.

Кешкі сағат 19.00 шамасында олар дүкеннен екі бөтелке арақ пен тіскебасар сатып алып, ішімдік ішуді жалғастырады. Айыптау тарапының мәліметінше, осы кезде Қалиуллинов қайтадан қызметтік формасын киіп, қаруы мен оқ толы екі магазинді өзімен бірге ұстаған. Дастарқан басында ол күйеу баласының өз әйелін, яғни полицейдің туған қарындасын ұрып-соғатынын естиді. Осыдан кейін офицерде Ізбаевты өлтіру ниеті пайда болған.

Шамамен сағат 22.30-да мас күйдегі полицей тапаншасын оқтап, күйеу баласына қарай бір рет оқ атады. Айыптау актісінде оның бұдан кейін жәбірленушіге қарай тағы үш рет оқ жаудырғаны көрсетілген. Осы кезде тапанша тұтылып қалып, ол ары қарай ата алмай қалған.

Оқ Ізбаевтың кеуде тұсына, өкпесі мен бауырына тиген. Дегенмен дәрігерлер оның өмірін аман алып қалды. Психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Қалиуллинов ешқандай психикалық ауытқуға ұшырамаған. Қылмыс жасау сәтінде ол өз әрекеттерінің қоғамдық қаупін толық түсініп, оны басқара алған.

Войдите, чтобы оставить комментарий