Ақтөбеде полицейлер адам азаптады деген күдікке ілінді

06.08.2026 13:53 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақтөбеде полицейлер адам азаптады деген күдікке ілінді
155
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында мал ұрлығын мойындату үшін күдіктіні азаптады деген полицейлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Hronika.kz басылымы.

Жергілікті тұрғынның малы ұрланғаннан кейін аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір ер адамды бөлімшеге жеткізген. Басылымның мәліметінше, тәртіп сақшылары оған ұрлықты күштеп мойындату мақсатында қол жұмсап, ұрып-соққан.

Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметі оқиғаға қатысты пікір білдіріп, тергеу амалдары басталып кеткенін жеткізді.

«2026 жылдың 31 шілдесінде Ақтөбе облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы Мәртөк аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта істі дұрыс шешуге қажетті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу мақсатында қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатыстылық тексерілуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», – деді облыстық прокуратура.

Аталған бапқа сәйкес, лауазымды тұлғаның адамға физикалық немесе психикалық азап келтіріп, адамгершілікке жатпайтын қатыгездік көрсетуі және бұл әрекетті адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасауы ауыр қылмыс болып саналады. Мұндай заң бұзушылыққа барғандар белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға дейін айырыла отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Войдите, чтобы оставить комментарий