Ақтөбеде жантүршігерлік оқиға: Көлік өртінен үш адам тірідей жанып кетті

20.06.2026 09:08 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбеде жантүршігерлік оқиға: Көлік өртінен үш адам тірідей жанып кетті
269
Видеодан кадр
Көліктен үш адамның мәйіті табылды

2026 жылғы 19 маусым күні кешкі сағат 22:55-те 112 қызметіне Ақтөбе қаласындағы Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю станциясының аумағында автокөліктің өртенгені туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жоғарылатылған шақыру дәрежесі бойынша жедел жіберілді. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды сегіз минут ішінде ауыздықтап, сағат 23:03-те толықтай сөндірді. Мамандар жалынның автогаз құю станциясының нысандарына таралуына жол бермеді.

Өртті сөндіру барысында автокөлік салонынан үш адамның мәйіті табылды. Қаза болғандардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Сонымен қатар бір зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды.

Оқиғаның салдарын жоюға ТЖД-ның 50-ге жуық қызметкері, 10-нан астам техника бірлігі, сондай-ақ Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда. Аталған факті бойынша қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий