Ақтөбеде жұрт газ таппай жүргенде 60 тонна отынды жымқырған 26 адам сотталды

26.12.2025 18:58 Арман Ермеков Арман Ермеков
Ақтөбеде жұрт газ таппай жүргенде 60 тонна отынды жымқырған 26 адам сотталды
0
439
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық соты ірі көлемде сұйытылған газ ұрлығына қатысты ауқымды істі қарап, үкім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz порталы «ҚазАқпарат» агенттігіне сілтеме жасап.

Айыпталушылар орындығына бірден 26 адам отырды. Олардың барлығы — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты газ өңдеу зауытының, сондай-ақ мердігер саналатын «Сапфейрус» және «ЖелДорТрансАқтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қызметкерлері.

Тергеу материалдарына сүйенсек, қылмыстық топтың әрекеті 2023 жылы жоспарланған. Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінің жұмысшысы Р.Самұратов сұйытылған газды тиеу және тіркеу инженер-диспетчері, цех шебері, аға оператор және мердігер мекемелердің жауапты тұлғаларымен сөз байласып, көлеңкелі схема құрған.

Топ мүшелері қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, тасымалдауға арналған цистерналарға сұйытылған газды белгіленген мөлшерден асыра құйып отырған. Бұл артық отын еш жерде есепке алынбаған. Ұрлық дерегі негізінен 2024 жылдың тамызы мен 2025 жылдың ақпаны аралығында жүзеге асқан.

Мысалы, Р.Самұратов теміржол қызметкерлерімен бірігіп, былтырғы тамыз айында 25 415 келі газды заңсыз алып шыққан. Жалпы алғанда, осы уақыт аралығында есепке алынбаған 60 280 келі сұйытылған мұнай газы қолды болған. Нәтижесінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына келтірілген мүліктік залал 34 миллион 829 мың теңгеден асты.

Сот процесінде негізгі айыпталушы Р.Самұратов кінәсін ішінара ғана мойындап, ұрлықты тек 2025 жылдың ақпанында жасағанын алға тартты.

Сот барлық айыпталушыларды ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша кінәлі деп таныды.

Бас бостандығынан айырылғандар: Ұйымдастырушы ретінде танылған Р.Самұратов 5 жыл 2 ай 12 күнге бас бостандығынан айырылды. Ал Е.Балмағамбетов, Қ.Беренұлы, С.Жанмедетов, М.Мамбетжанов және Р.Шаукаровқа бастапқыда 5 жыл жаза кесілгенімен, рақымшылық заңы қолданылды. Нәтижесінде Е.Балмағамбетов 3 жыл 4 айға, ал қалған төртеуі 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Шартты жаза алғандар: 13 адамға, атап айтқанда Д.Әбішев, Н.Беренияз, Д.Қожахметов, Ш.Байбарақов, Ж.Телімов, Р.Менешов, Д.Омаров, А.Жақсылықов, А.Баймұхан, М.Бекбол, М.Молдашев, Б.Шынбаев және М.Қосжановқа рақымшылық жасалып, 4 жылға шартты жаза тағайындалды.

Бостандығы шектелгендер: Т.Құлмырза, А.Нұрымбет, А.Ғалымов, Ә.Темірғалиев және Н.Қуандыққа қатысты жаза мерзімі қысқартылып, оларға түпкілікті 2 жыл 9 ай 18 күн мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Сотталушылар Қ.Меңдіғарин мен А.Әлиев 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Сот үкімімен бір сотталушының пәтері мемлекет пайдасына тәркіленді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, дәл осы қылмыстық әрекеттер жасалып жатқан тұста Ақтөбе өңірінде бірнеше ай бойы сұйытылған газ тапшылығы қатты сезілген болатын. Бұған дейін облыс әкімі Асхат Шахаров келер жылға бөлінетін газ көлемі артатынын уәде еткен еді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий