«Жауапкершіліктен жалтармаймыз»: Қорғаныс министрі елге үндеу жасады (ВИДЕО)
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Каспийде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін алғаш рет қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Авиация генерал-лейтенанты марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, кінәлі адамдардың жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
«Өз атымнан, Қорғаныс министрлігі және Қарулы күштердің бүкіл жеке құрамы атынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Отбасылардың қайғысын түсінемін. Қоғамның бізге қойып отырған талап-сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз», деді Қосанов.
Министр ата-аналардың ұлдарын әскерге сеніп тапсырғанын айтып, енді олардың орны толмас қазаға ұшырағаны туралы айту өзіне де ауыр тиетінін жеткізді.
«Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Осы жағдайға байланысты кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады. Қара жамылған отбасылармен үнемі байланыстамыз. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіп жатырмыз», деді ол.
Қосанов марқұмдардың отбасылары мен қоғам алдындағы міндетін түсінетінін де айтты.
«Арыстай азаматтарынан, ұлдарынан айырылған әр отбасының қайғысына ортақпын. Әскери міндетін атқаруда қаза тапқан азаматтарымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», деді министр.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде ауа райы бұзылып, жел күшейгенде әскерилерді теңізге алып кеткен. 14 адам қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Екі қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер министрлігі бес лауазымды тұлғаның ұсталғанын хабарлады.
Бүгін, 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні.
Соңғы жаңалықтар