Сақатов жемқорлар туралы: 10 жылға сотталғандар 1,5 жылдан кейін босамауы тиіс

25.09.2026 • 19:34 Томирис САҒЫНДЫҚ
Сақатов жемқорлар туралы: 10 жылға сотталғандар 1,5 жылдан кейін босамауы тиіс
153
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Белгілі өнер иесі, актер Алмат Сақатов еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын қатаңдату қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, қоғамдағы жемқорлық деңгейін төмендету үшін халықаралық тәжірибеге, соның ішінде Қытай Халық Республикасының заңнамалық шешімдеріне назар аударған жөн, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Алмат Сақатов "Әңгіме бар" подкастында айтты. 

«Мен бір мақаламда және лентада да айтқан едім. Негізінен, біз Қытай Халық Республикасынан үлгі алуымыз керек. Біз өзімізге тиімді, жеңіл нәрселерді ғана өзгелерден үйренгіміз келеді. Ал өзімізге ауыр тиетін, қатал ережелерге назар аудармаймыз. Қытай Халық Республикасында пара алғаны үшін ату жазасы қолданылады. Сол кезде: «Құдайға шүкір, бізде ондай қатал заң жоқ, адам өлімі азайды», – деп айтқан едім. Бізде парақорлар өте көп. Олар Ата заңды да бұрмалап, сақтамайды. Сондықтан бізде де заңды барынша қатаңдату керек», – деді Алмат Сақатов.

Сонымен қатар актер жемқорлық қылмыстар бойынша сотталғандарға ешқандай жеңілдік берілмеуі тиіс екенін атап өтті.

«Пара алған адам түрмеге отырды ма, оған ешқандай жеңілдік жасалмауы тиіс және ол мерзімінен бұрын босап шықпауы керек! 10 жылға сотталды ма, соның 10 жылын да толық өтеуі қажет. Миллиардтап ұрлап, 10 жылға сотталған адам 500 миллионын қайтарып бергені үшін бір жарым жылдан кейін босап шықпауы тиіс! Қытай неліктен парақорлық үшін ату жазасын енгізді? Өйткені ол бір адамның емес, бүкіл халықтың, барша қоғамның қалтасынан ұрлап жатыр. Егер бір адамның үйіне барып, 5000 теңгесін ұрласаң – ұры боласың. Ал парақор болсаң – жүздеген, мыңдаған адамның тағдырын талқандаған қылмыскерсің! Сондықтан заң да соған сай қатал болуы керек», – деді Алмат Сақатов.

Алмат Сақатов қылмыстың көлеміне қарамастан жазаның бұлтартпастығы принципі қамтамасыз етілуі керектігін айтады.

«Мен сот жүйесінің маманы емеспін, сондықтан басқасын біле бермеймін. Адам өлтіру сияқты қылмыстардан Құдай сақтасын. Бірақ неліктен Қытай парақорлықты ату жазасына кесетін қылмыстардың қатарына қойды? Себебі онда басқа амал қалмады. Пара алғаны дәлелденді ме – атып тастайды, болды. Ол миллион ала ма, 10 миллион ала ма, әлде 5000 теңге ала ма – бәрібір. 5 000 теңге алған адам ұсталмаса, ертең 50 000 теңге алады. 50 000 теңге алған адам уақыт өте келе 50 миллион алатын болады, өйткені ол жазасыз қалатынын біледі. Сондықтан пара алды ма – қатал жазалануы тиіс. Бірақ бізде өлім жазасы жоқ. Себебі біз – толерантты, бәріне жақсы болып көрінгісі келетін мемлекетпіз. Мәселені өлім жазасы емес, заңның үстемдігі шешеді. Өйткені ешкімнің де өлгісі келмейді», – деді Алмат Сақатов.

Сонымен бірге ол мемлекеттік қаржыны жымқыру жағдайлары мен қазіргі құқықтық реформалардың барысына тоқталды.

«Миллиардтаған қаржыны ұрлаған адам: «Мен миллиард доллар ұрладым. Ұсталғанға дейін сол миллиардтан тағы 500 миллион пайда таптым. Енді құжат бойынша миллиард ұрланды деген айып тағылды. Сонымен соттайды. Ал менің 500 миллионым швейцариялық банкте аман-есен жатыр. Түрмеде отырамын, кешірім сұраймын, «қателестім, ұрладым» деп, үйлерімді, көліктерімді, тіпті ұшағымды сатып, ана миллиардты қайтарып беремін. Содан соң бір жарым жылдан кейін мерзімнен бұрын босап шығамын» деп ойлайды. Босап шыған соң Швейцария банкіндегі 500 миллион долларын алып, тайып тұрады! Біздегі жағдай осы: бір қап картоп ұрласаң, 5 жылға сотталып, соңғы күніне дейін отырасың. Ешкім саған жаны ашымайды. Ал егер 5 миллиард ұрласаң, соның 2,5 миллиардын қайтарып беріп, екі жылдан кейін Дубайда емін-еркін жүресің. Ал енді бүкіл мемлекетте тек осылай болып жатыр деп айта алмаймын. Бұндай жағдайлар бар, жасалып жатыр, сотталып жатқандар да, қашып кеткендер де бар. Біз қазір «Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз ғой. Мені қуантатыны – «күштінің арты диірмен тартады» дегендей, үлкен ықпалы бар, ірі жүйені меңгеріп отырған адамдардың өзін ұстап, жауапқа тартып жатқаны. Оларды отырғызып, өзінің орнын білдіріп жатқаны қуантады», – деді Алмат Сақатов.

Войдите, чтобы оставить комментарий