Ақтөбедегі ер адам мен жасөспірімнің жұмбақ өлімі: оларды не байланыстырады?
Ақтөбеде 16 жастағы мектеп оқушысы мен 27 жастағы ер адамның жұмбақ жағдайда қаза табуы қоғамдық алаңдаушылықты күшейтті. Қайтыс болған екі адамның туыстары да бұл оқиғаның жай ғана жазатайым оқиға емес екенін айтып, өз нұсқаларын жария етті. Бұл туралы POLITICO.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
«Балада соққы іздері болды»: марқұмның анасы күдікті тұстарды баяндады
Жасөспірімнің анасы баласының денесі көгерген жарақаттармен, сынған мұрынмен табылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұлының өздігінен суға кетуі мүмкін емес, ал қайғылы оқиғаға бөгде адамдардың қатысы болуы ықтимал.
«Моргтен денені жабық пакетпен берді, ашпауды сұрады. Бірақ үйде ашып көрдік. Үстінде сау жері жоқ. Темірмен ұрғандай. Мұрын сынған, денесі көкала. Балам суға өзі кете алмады. Оны өлтірген. Ал қасында болған ер адам кім? Біз оны танымаймыз», – деді қайғыдан қан жұтқан ана.
Қайғылы түн: жасөспірім жұмыстан оралмай, ер адаммен кездесті деген болжам айтылды
Жасөспірім 30 қараша күні моншада қосымша жұмысқа барған. Әдетте ол түнгі оннан қалмай үйге қайтып жүретін. Алайда сол түні кешіккен. Жолда оны көлікпен бір ер адам алып кеткен деген болжам айтылып отыр.
Келесі күні таңертең жасөспірім мен ер адамның денелері Ілек өзенінен табылды. Ал олардың көлігі су айдынына жақын маңдағы бос аумақтан анықталған.
«Көлік табылған жердің тура қарсысында бейнебақылау камерасы тұр. Сол жазбада бәрі анық болуы керек. Бірақ бізге көрсетпей отыр. Сол арқылы ағамның өзенге не үшін барғанын, қалай қаза тапқанын біле аламыз деп үміттенеміз», – деді марқұмның әпкесі.
Ересек ер адамның отбасы: «Біз жасөспірімді танымаймыз»
Ал қаза тапқан 27 жастағы ер адамның ата-анасы ұлдарынан қандай да бір күмәнді белгілер байқалмағанын айтады.
«Түнгі он шамасында кешкі асын ішіп, шығып кетті. Таңертең келмеген соң уайымдадық. Бірақ ол ересек адам, үйленбеген, өз шаруасымен жүретін. Жасөспіріммен не байланысы болғанын түсінбедік. Ол баланы біз мүлдем танымаймыз. Денесінде ешқандай соққы, жарақат болмады», – деді марқұмның әкесі.
Полиция тергеу барысын әзірге түсіндірмей отыр
Полиция өкілдері қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтып, толық ақпаратты сот-медициналық сараптама нәтижесінен кейін ғана жариялайтынын мәлімдеді.
Марқұмдардың отбасылары оқиғаның жай ғана жазатайым жағдай екенін жоққа шығарады. Олар жасөспірім мен ересек ер адамның түн жарымында өзен жағасына қалай бірге барғанына және екеуінің бірдей суға кету мүмкіндігіне күмән келтіреді.
Жасөспірімнің отбасы істің жабылып қалуынан қорқып, шынайы жауап талап етуде. Анасы мектепке өтініш жазып, кіші балаларына уақытша сабаққа бармауға рұқсат сұраған.
Полицияның ресми мәліметі
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің дерегінше, 1 желтоқсан күні 16 жастағы жасөспірім мен 27 жастағы ер адамның жоғалғаны туралы шағым түскен. Полиция дереу іздестіру жұмыстарын бастаған. Өзен жағасынан олардың телефондары табылып, кейін денелері де сол маңнан анықталған.
Соңғы жаңалықтар