Ақтөбелік жігіт танысудан бас тартқан қызды ұрып тастаған
Ақтөбеде түнгі клубтың жанында қызды соққыға жыққан 20 жастағы тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Оқиға қыздың жігітпен танысудан бас тартуынан кейін болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Іс материалдарына сәйкес, жігіт қызға жақындап таныспақ болған. Алайда қыз келіспеген соң, ол жанжал шығарып, жәбірленушінің бетінен екі рет ұрған. Соққыдан қыз тепе-теңдігін жоғалтып, қоршаудан құлап кеткен.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындамаған. Соған қарамастан, оның кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындысы және басқа да дәлелдер арқылы толық дәлелденген.
Сот ер адамды «бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол жәбірленушіге 500 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, айыпталушының мас күйде құқықбұзушылық жасауы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде ескерілген. Ал жазаны жеңілдететін ешқандай мән-жай анықталмаған.
Соңғы жаңалықтар