"Ақысын жеген емеспіз": 46 миллиард жымқырды деген іздеудегі Аслан Дүйсенов үндеу жариялады

10.10.2025 15:21
0
369
ФотоКоллаж: POLITICO.KZ

Жалған стоматологиялар арқылы зейнетақы қорынан 46 миллиард теңге шығару ісі бойынша күдіктілердің бірі Аслан Дүйсенов Қамбарұлы видеоүндеу жариялап, тағылған айыптармен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Оның айтуынша, ешкімді алдамаған және заңсыз ақша иемденбеген. Айтуынша, стоматологиялық клиника шамамен бір жыл бойы ресми түрде жұмыс істеп, қызметкерлері болған, ал 46 миллиард теңге деген сома шындыққа жанаспайды. Ол клиниканы заңды түрде сатып алғанын және барлық операциялардың ресми тіркелгенін алға тартады.

Дүйсенов клиниканың жұмысы Қаржы мониторингі агенттігі тексерісінен кейін тоқтағанын айтты. Сол кезде мекемеден құрал-жабдықтар мен құжаттар алынған. Оның айтуынша, клиникада расымен адамдардың тісін емдеген, ал зейнетақы қорынан алынған қаражат заңды шектерден асқан салымшылардың өз қаражаты болған.

Аслан Дүйсенов өзіне іздеу жарияланғанын білмегенін, бұл туралы тек жаңалықтардан естігенін және осы уақыт бойы жасырынбай, ем қабылдап жүргенін айтты.

Белгілі болғандай, Аслан Дүйсенов бұған дейін адамды өзін-өзі өлтіруге итермелегені және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотталған. Сот үкімінен кейін ол шенінен айырылып, полиция қызметінде жұмыс істеу құқығынан өмір бойына шеттетілген болатын.

Айта кетсек, биыл 2 қыркүйекте Қаржылық мониторинг агенттігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 46 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз шығару ісіне қатысы бар деген күдікпен үш азаматқа іздеу жариялаған еді. Сол тізімде Аслан Дүйсенов те бар еді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий