“Арызыңды қайтып ал”: Мұқасанмен жанжалдасқан әнші істің әлі сотқа жетпегенін айтты

27.05.2026 12:38 Мөлдір Қайнар
“Арызыңды қайтып ал”: Мұқасанмен жанжалдасқан әнші істің әлі сотқа жетпегенін айтты
156
Фото: instagram.com/mukassan

Әнші Ғалымжан Сүлеймен “Нұр-Мұқасан” тобының мүшесі Мұқасан Шахзадаевпен болған жанжалға қатысты қылмыстық істің арада жарты жыл өтсе де сотқа жетпегенін мәлімдеді. Бұл туралы Politico.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Ғалымжан Сүлейменнің айтуынша, дау оның бұрынғы серігі Нұрланмен бірге Мұқасанның әндерін орындауынан басталған. Әнші оларды “авторлық құқықты бұзды” деп айыптап, кездесуге шақырған көрінеді.

“Үйіне бардым. Алғашында сөйлесеміз деді. Кейін “әндерді өшіріңдер, Нұрланмен араласпа” деген талаптар қойды. Шығып бара жатқанымда артымнан екі жігітпен бірге жабылып ұрды”, – дейді Ғалымжан Сүлеймен.

Оның сөзінше, оқиға кезінде шақырылған полиция өзін алып кеткен. Ал соққы жасады деген тарапқа ешқандай шара қолданылмағанын айтады.

“Тек істің әділ шешілгенін қалаймын. Осы жағдайдан кейін үйде күлкі де, тыныш ұйқы да қалмады”, – дейді әнші.

Ғалымжан Сүлеймен Мұқасан Шахзадаевпен бұрыннан аралас болғанын, тіпті баласына кіндік әке болғанын айтты. Сондықтан бұл жағдайдың өзіне ауыр тигенін жасырмады.

Ал Мұқасан Шахзадаев тағылған айыптарды жоққа шығарды.

“Заң аясында бәрі тексеріліп жатыр. Ол менен таяқ жеген жоқ, Құдайдан таяқ жеді”, – деді әнші.

Ғалымжан Сүлеймен соңғы уақытта өзіне қысым көрсетіліп жатқанын да айтты. Оның сөзінше, көлігінің дөңгелегі босатылып, белгісіз адамдар тарапынан сес көрсетілген.

Әншінің адвокаты Инга Иманбай бастапқыда іс 108-баппен қозғалып, кейін 107-баптың 2-бөлігіне ауыстырылғанын айтты. Оның сөзінше, қазір тергеу аяқталуға жақын.

Ал Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталу сатысында екенін мәлімдеді. Ведомство дерегінше, ай соңына дейін тараптар іс материалдарымен танысып, кейін құжаттар прокуратураға жолданады.

Войдите, чтобы оставить комментарий