Ашаршылықта баласын жеген ата-ананың ұрпағында шизофрения кездеседі — тектанушы

18.07.2026 01:12 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ашаршылықта баласын жеген ата-ананың ұрпағында шизофрения кездеседі — тектанушы
67
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Тектанушы Әлия Нұрпаева қазақ тарихындағы ең ауыр кезең — ашаршылық жылдары жантүршігерлік қадамға барып, өз баласын жеуге мәжбүр болған ата-аналардың кейінгі ұрпақтарында кездесетін шизофрения дерті туралы сөз қозғады. Маманның айтуынша, бұл психологиялық дерт осы қасіретті бастан өткерген әулеттердің барлық өкілінде бірдей кездесе бермейді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы тектанушы журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.

«Оның салдарынан кейінгі ұрпақтар психологиялық ауруларға ұшырайды. Қысқаша айтқанда, бұл — өте ауыр тақырып. Маған осындай тағдырды бастан өткерген, көбінесе шизофрения дертіне шалдыққан адамдар келді. Маған келгендер біледі. Олар мұның алдын алу, яғни профилактика жасау үшін келді. Демек, өткен тарихтан хабардар. (...). Отбасында «пәленше деген жылы сондай жағдай болды» деп айтылған. Мысалы, арасында екі-үш украиналық отбасы да болды. Әрине, бұндай жағдай бәрінде бірдей кездеседі деп айта алмаймын. Әйтеуір, бір ұрпақта бұл қасіреттің ізі қалады. Негізінде, сұрастыра келгенде шизофренияның басқа да себептері шығуы мүмкін, бірақ бұл дертке ең көп әсер ететін фактор — адами сатқындық пен рухани құлдырау. Құдай басқа бермесін, ашаршылық тақырыбы әлі де терең зерттеуді қажет етеді», — деп түсіндірді Әлия Нұрпаева.

Сонымен қатар маман ұрпақтан ұрпаққа берілетін психологиялық зардаптарды ғылыми тілде «трансгенерациялық беріліс» деп атайтынын айтып, бұл құбылыстың табиғатына тоқталды.

«Қазіргі таңда генетиктердің зерттеулері бойынша, бұл құбылысты Батыста «трансгенерациялық беріліс» деп атайды. Біз мұны родология немесе теқтану деп атап, арнайы зерттеп жүрміз. Көбінесе, қалыптасқан мінез-құлық ерекшеліктері үш-төрт ұрпақ бойында анық түрде көрінеді. Содан кейін ғана өзгере бастайды, себебі әулетке басқа рулар мен тектер қосылады, басқа адамдар келеді. Сондықтан жалпылап айтқанда, соғыстың салдары, қуғын-сүргін зардаптары, кәмпескелеудің әсері — осының бәрі үш-төрт ұрпақ бойында міндетті түрде көрініс табады. Бірақ бұл да бәрінде бірдей емес, тек кейбір адамдарда ғана байқалады. Мұны көрермендер де дұрыс түсінгені жөн. Ал ашаршылықтың салдары мүлдем бөлек. Кезінде Мұхтар Әуезовтің еңбегінен мынадай жолдарды оқыған едім: «Потомки переживших голод, до седьмого колена будут испытывать чувство голода» (Ашаршылықты бастан өткергендердің ұрпақтары жетінші ұрпаққа дейін аштық сезімін сезінетін болады). Мен бұл пікірмен толық келісемін», — деді ғалым.

«Мына біздің қазіргі таңдағы той жасау үрдісіміз де содан қалған ба?» — деп сұрады журналист.

«Мүмкін, бірақ оның бәрін әлі де зерттеу керек. Нақты біздің ас та төк той жасауымыз бен шектен тыс тамақ жеуіміз тікелей соған тіреледі деп кесіп айта алмаймын. Дегенмен, мұның да байланысы болуы әбден мүмкін», — дейді Әлия Нұрпаева.

Войдите, чтобы оставить комментарий