Әскердегі әлімжеттік Gorilla әпермеуден басталған — жағы сынған сарбаздың әкесі
Отардағы әскери бөлімде болған әлімжеттік фактісі Gorilla энергетикалық сусынын әпермеуден басталған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы жағы сынған сарбаздың әкесі журналист Руслан Өтепбайға мәлімдеді.
«Дүкеннен Gorilla әкел, магазиннен темекі әкел деген. Сол уақытта менің балам «Менің сіздерге алып беретін ақшам жоқ» дегенде спортзалға апарып үшеуі жабылып ұрып, артынан жаңағы темірмен ұрған. Сержанттар ұрып отыр. Қолмен ұрғанға жақсы сүйегі сынбайды, темірмен ұрғаннан кейін осылай болып отыр. Ізі бар», - дейді сарбаздың әкесі.
Әкесінің айтуынша, ауыр жарақат алған сарбазды әскери бөлімнің басшылығы ата-анасына хабар бермей, Алматы қаласындағы №5 қалалық ауруханаға жеткізіп, шұғыл ота жасаған. Алайда операциядан кейін сарбазды әскери госпитальге апарудың орнына, шамамен екі апта бойы жалдамалы пәтерде ұстаған көрінеді.
Жақындарының сөзінше, сарбаздың жағдайы осы уақыт аралығында нашарлаған. Тіпті ол жалдамалы пәтерде өзіне қол жұмсамақ болған. Абырой болғанда, қолданған пакеттер жыртылып, сарбаз аман қалған.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты тиісті органдардың тексеру жүргізіп жатқаны айтылуда. Жәбірленуші тарап әскери бөлімдегі әлімжеттік фактісіне құқықтық баға беріліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Еске салайық, 16 ақпанда Отардағы әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбазға күш қолданып, жағын сындырғаны туралы жазған едік. Сарбызға екі рет ота жасалып, тіпті екі апта бойы оқшаулауда болған. Жағына темір қапсырмалар салынған сарбаз Отардағы бір пәтерде қамалып ұсталған. Қазіргі таңда сарбаз Алматы қаласындағы әскери госпитальда ем қабылдап жатыр.
Осыдан кейін қылмыстық іс қозғалып, басшылық құрамындағы төрт лауазымды тұлға – әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметтерінен босатылды.
Соңғы жаңалықтар