"Өлгім келді": жағы сынған сарбаз шындықты айтты
Әлеуметтік желіде Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, жағы сынған мерзімді қызметтегі сарбаз Есбол Қапардың жақындарына жазған хаттары тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл жағдайға қатысты журналист Гүлмира Әбіқай да пікір білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
«Үш күннен бері шулап жатқан Гвардейск гарнизонындағы жағдайдың мән-жайын бір видеоға жинақтауға тырыстық. Жапа шеккен сарбаз нақты адамдардың атын атап отыр. Алайда Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға сержанттың қатысы жоқ екенін, екі сарбаздың өзара төбелесі болғанын мәлімдеуде. Тіпті екінші сарбаз “ұрғанын” мойындағаны айтылды. Оларды ажыратқан куәгерлер де бар делінген. Дәл осы күні әскери бөлімдегі бейнебақылау камералары істен шыққан. Жастар Отанды қорғаймын деп жүріп, осындай жағдайға тап болмауы керек. Жағы сынғаннан гөрі, олардың сағы сынғаны қорқынышты», – деп жазды тележурналист.
Желіде жарияланған бейнежазбада сарбаздың жақындарына жолдаған хаттары көрсетілген. Онда ол ауыр психологиялық күйзеліс туралы жазған.
«Асылып өлгім келді. Үйден жіп іздеп таппай қойдым. Жаным қатты қиналды. Шыдай алмадым. Пакеттерді бір-біріне байлап көрдім, бірақ үзіліп кетті», – делінген хатта.
Қазір аталған дерек қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ресми органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар