Отардағы әскери бөлімде сарбаз соққыға жығылды (ВИДЕО)
Отардағы әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз соққыға жығылып, жағынан жарақат алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазір ол Алматы қаласындағы әскери госпитальда ем қабылдап жатыр. Ал әскери полиция басқармасы тергеу бастады
Желіде Отардағы әскери бөлімде қызмет атқарып жүрген сарбаздың жақ сүйегі мен мұрнының сынғаны туралы ақпарат тарады. Онда операциядан кейін сарбазға тиісті деңгейде ем-дом көрсетілмегені, медициналық бақылау болмағаны айтылған. Кейін сарбаздың туыстары оның бір пәтерде ұсталғанын білген. Сондай-ақ тексеріс барысында жасалған операцияның талапқа сай орындалмағаны анықталған.
Гвардейск гарнизонының Әскери полициясы әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады
Оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірі жақ сүйегінен жарақат алды. Зардап шеккен әскери қызметші Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпитальға жатқызылды. Оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілуде, жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
«Аталған факт бойынша материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның, сондай-ақ жарғыға қайшы өзара қатынас фактісі туралы жоғары тұрған қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», - делінген бас әскери полиция басқармасында.
Тергеу шаралары кезеңінде әскери бөлімнің бірқатар лауазымды тұлғалары қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді.
Тергеу қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Жағдай Қарулы Күштер басшылығының ерекше бақылауында.
Соңғы жаңалықтар