Астана халықаралық форумы 2025 – қажет пе, әлде бюджеттің босқа шығыны ма?

Астана халықаралық форумы 2025 – қажет пе, әлде бюджеттің босқа шығыны ма?
28.05.2025 10:57
0
307
Экономикалық форумнан жаһандық мәселелерге

Астана форумдары: Ескіден Жаңаға дейін не өзгерді?

Соңғы онжылдықтарда Қазақстан өзін Орталық Азия ғана емес, тұтас Еуразия және күллі әлемде бейтарап, ашық әрі пікіралмасуға бейім ел ретінде ауқымды бастамалар көтеріп келді. Оларға түрлі форумдар мен жиындар, «Орталық Азия+» және өзге де халықаралық ұйымдар форматы кіреді. Солардың ішінде халықаралық форумдар мен диалог алаңдары — мемлекеттің сыртқы саяси имиджі мен ішкі институционалдық архитектурасын құрудағы маңызды құралға айналды. Әсіресе Қазақстан бастамашы болған Астана экономикалық форумы (AEF), Astana Club және Астана халықаралық форумын (AIF) атап өткен жөн. Бұл үшеуін «Астана форумдары» деп айтуға болады. Олай дейтініміз бәрі де еліміздің елордасы, саяси орталығымен байланысты. Сырт көзге, қатардағы азаматтарымызға үшеуі де ұқсас жиындар болып көрінуі мүмкін. Кейбіреулер қажетсіз шығын, халықтың ақшасын бекер жұмсау деп ойлауы да мүмкін. Алайда олардың өткізілу форматын талдайтын болсақ, айырмашылықтары бар екенін көреміз. Үш форумның идеялық негізі, дамуы мен бәсеңдеуі, сондай-ақ олардың саяси контекспен байланысы және еліміз үшін алатын стратегиялық сабақтары әртүрлі. Кейбір сарапшылар тілімен айтқанда «Ескі» және «Жаңа» Қазақстан саяси контексімен байланысты.

Астана экономикалық форумы (2008-2019 жж.): Экономикалық технократия мен «Ескі Қазақстан» дәуірінің өнімі

AEF 2007-2008 жылдары әлемде болған қаржы дағдарысына жауап ретінде Астана ұсынған диалог алаңы. Онда халықаралық сарапшылар макроэкономика, қаржы тұрақтылығы, инвестиция, индустриалды даму сияқты мәселелерді талқылады. Форумды өткізуге бастамашы болған сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. 
Еліміздің тұңғыш президентінің есімімен байланысты болғандықтан «Ескі Қазақстан» өніміне жатады. Алайда форумның кемшілігімен бірге артық тұстары да болды. Артықшылықтарына мыналар кіреді:

  • Халықаралық ұйымдармен (IMF, World Bank, OECD) әріптестік орнатты;
  • Қазақстанның инвестициялық имиджін көтеруге ықпал етті;
  • Астанаға жаһандық экономистер мен сарапшыларды тартты.

Ал кемшіліктеріне төмендегілерді атауға болады:

  • Форум технократтық сипатта қалып қойды. Қоғамдық пікір, сайлаушылардың пікірлері, яғни халықтың көзқарасы ескерілмеді;
  • Шешімдер декларативті, саяси ықпалы шектеулі болды. Форум өтіп, ұсыныстар айтылғанымен басым бөлігі жүзеге аспай қағаз жүзінде қалды. Себебі ұсыныстарды жүзеге асыру механизмдері нақтыланбады;
  • Қоғаммен байланыс пен инклюзивтілік жетіспеді;
  • Форумның соңғы жиындары бастапқы идеядан ауытқып, тек Қазақстанның сыртқы имиджін қалыптастыруға бет бұрды. 

Аталмыш форум 2008-2019 жылдары Астанада өтті. Алайда «не үшін 2019 жылдан кейін тоқтап қалды?», - деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Оған жоғарыда атап өткен кемшіліктерден бөлек екі фактор себеп болды. Бірі 2019 жылы елімізде басталған билік транзиті, екіншісі COVID-19 пандемиясы. Осы факторлар AEF-тің өміршеңдігін шектеді. 
Бұдан бөлек, жаһандық экономикалық тақырыптардың орнына біртіндеп саяси-климаттық мәселелер алдыңғы қатарға шықты. Ал AEF тек экономикамен шектеліп қалды. 

Astana Club (2015–2021): геосаяси элита клубы

Astana Club — Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен, Елбасы қоры мен Назарбаев орталығының қолдауымен құрылған геосаяси пікіралмасу алаңы. Форум негізінен Еуразиядағы геосаяси шиеленістер, ядролық қауіпсіздік, көпполярлық әлемнің болашағы сияқты тақырыптарға арналған.
AEF секілді Astana Club та «Ескі Қазақстан» дәуірінің өнімі. Сондықтан артықшылығы мен кемшіл тұстары да AEF форумына ұқсас. Артық тұстары төмендегідей:

  • Халықаралық сарапшылар мен экс-президенттерді тартты;
  • Қазақстанның бейбіт сыртқы саяси бейнесін көрсетті;
  • Жаһандық саясаттағы үдерістерге пікір білдіру алаңына айналды.

Ал кемшіліктеріне мыналарды жатқызуға болады:

  • Форум элиталық сипатта болды, қоғамдық қатыс жоқтың қасы;
  • Қатысушылар шеңбері бір типті, пікірлер көп жағдайда бір бағытта болды;
  • Сараптамалық талқылау нақты саяси шешімдерге ұласпады.

Форум форматының артықшылықтарына қарайтын болсақ, еліміздегі билік транзиті кезеңіне дайындық, сондай-ақ сол процесс кезеңінде өткенін байқауға болады. Экс-президенттерді шақыртудың да саяси астары осында секілді. 
Осындай артық тұстарына қарамастан Astana Club 2019 жылдан кейін мемлекеттік саясаттың жаңа кезеңіне үйлесе алмады. 2020 жылы пандемиядан кейін форумның мұндай форматы өзектілігін жоғалта бастады. Себебі пандемия кезінде және одан кейін әлемде форумдар онлайн форматқа ауыса бастады. 2021 жылы онлайн өткізілгенімен, бұрынғы ықпалын сақтай алмады. Себебі бұл диалог алаңы офлайн форматқа арналып ұйымдастырылған еді. Одан кейін еліміздегі саяси дағдарыс оның тоқырауына алып келді. 
Astana Club форумының саяси дағдарысқа себепші болғаны туралы қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан. Ол Ana tili газетіне берген биылғы сұхбатында былай деп еді:
«Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады». 
Демек Astana Club-тың өміршең болмауының бір себебі осында жатыр. Екіншіден, халық бұл форумдар қажетсіз шығын деп есептеді. 

Астана халықаралық форумы: Жаңа мазмұн мен модель

2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Астана халықаралық форумы (AIF) – алдыңғы екі форумның мазмұндық жалғасы, бірақ саяси стилі, бағыты және форматы мүлде жаңа. Себебі оның мынадай ерекшеліктері бар:

  • Форум тек экономика әлде саясатпен шектелмейді;
  • Климат, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетикалық мәселе, көпжақты дипломатия, адами ресуртың дамуы сияқты кешенді мәселелерді қамтиды;
  • Қатысушылар арасында мемлекет басшылары, халықаралық ұйым жетекшілері, бизнес өкілдері, сарапшылар мен азаматтық қоғам көшбасшылары бар.

Бұдан бөлек, оның артық тұстарын да атап өткен жөн:

  • Қазақстанның жаңа сыртқы саяси стилін көрсетеді: бейтараптық, диалогқа ашықтық, көпжақтылық;
  • Қоғаммен байланысы жолға қойылған. Диалог инклюзивті сипатта өтеді;
  • Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныстары арқылы форум нақты мазмұнмен толығуда. Мысалы, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық хаб идеясы;
  • Форумда айтылған ұсыныстар нақты жүзеге асуда. Яғни, оларды жүзеге асыру механизмдері жолға қойылған. Мысалы, 2023 жылы өткен алғашқы форумда 2026 жылы елімізде Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынған. Бұл ұсыныс қағаз әлде мәлімдеме күйінде қалмады. Алдағы жылы шынында да Астанада саммит өтеді. 

Қорытындылай келе, Қазақстандағы халықаралық форумдар тек іс-шара емес, мемлекеттің жаһандық бейнесін қалыптастыру тетігі екенін айта кеткен жөн. AEF пен Astana Club – институционалдық даму кезеңінің маңызды құралдары болды. Олар елді сыртқы әлемге танытты, инвестициялық имидж қалыптастырды.
Бірақ билік транзиті, постпандемиялық кезең мен жаңа саяси басымдықтар дәуірінде бұл форумдар қоғаммен байланыс, инклюзивтілік, мазмұн тереңдігі тұрғысынан өзекті болудан қалды.
Астана халықаралық форумы осы олқылықтарды ескере отырып Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған әмбебап жобаға айналды. Қала берді, халықтың бюджет шығынына деген сыны да ескерілуде. 2024 және биыл өтетін жиын шығыны едәуір азайған. 

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий