Астана маңындағы жол апатынан Германиядан келген ерлі-зайыптылар қаза тапты

13.08.2026 12:55 Мөлдір ҚАЙНАР
Астана маңындағы жол апатынан Германиядан келген ерлі-зайыптылар қаза тапты
189
Фото: energyprom.kz

Ақмола облысында Астана – Петропавл тас жолының 97-шақырымында болған жол-көлік оқиғасынан Германия азаматтары болып табылатын ерлі-зайыптылар көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Өңірлік Полиция департаментінің мәліметінше, Mercedes-Benz Sprinter мен ГАЗ-53 автокөліктері соқтығысқан.

Оқиға салдарынан Mercedes-Benz Sprinter автокөлігінің екі жолаушысы мерт болды. Олар – Германиядан келген ерлі-зайыптылар. Ер адам алдыңғы жолаушылар орындығында отырған, оның денесін құтқарушылар көліктен алып шықты. Ал жұбайы алған ауыр жарақаттарынан кейін ауруханада көз жұмды.

Марқұмдардың тоғыз жасар қызы аман қалды. Ол түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Мұнымен қоса, шағын автобустың тағы жеті жолаушысы мен ГАЗ-53 көлігінің бір жолаушысы дене жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді.

Қазіргі уақытта қайғылы оқиға фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Mercedes-Benz Sprinter жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аяқталған соң іс бойынша процестік шешім қабылданады.

Войдите, чтобы оставить комментарий