Астана нөсер жаңбырдың астында қалды: LRT станциясы жаңбырға шыдай алмады

23.07.2026 18:17 Қарақат АСЫЛОВА
Астана нөсер жаңбырдың астында қалды: LRT станциясы жаңбырға шыдай алмады
248

Астанада жауған нөсер жаңбыр салдарынан бірнеше көшені су басып, көлік қозғалысы қиындады, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда жеңіл көліктердің су ортасында қалып, кейбір автобустардың салонына дейін су кіргені көрінеді.

Қала тұрғындары су басқан көшелерден өту үшін қоршаулармен, бордюрлармен жүруге мәжбүр болған. Кейбір жерлерде су деңгейі тізеден, тіпті белден асқан.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде LRT станцияларының бірінің төбесінен су аққан видео тарады. Кадрларда жарық шамы орнатылған жерден су сорғалап тұрғаны байқалады.

Бұл жағдайға қатысты City Transportation Systems (CTS) компаниясы түсініктеме берді. Компанияның мәліметінше, оқиға инженерлік жүйелерді іске қосу және баптау жұмыстары кезінде болған. Атап айтқанда, өртке қарсы қорғаныс жүйелерін тексеру барысында техникалық люктер ашылған, сол арқылы жекелеген жағдайда жаңбыр суы ішке өткен.

CTS мамандары ақауды жою және жүйенің толық герметикалығын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады. Ал Tarlan Astana пойыздары штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қатты, кей жерлерде нөсерлете жауған жаңбырға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Ливневка жүйесі мен тазарту құрылыстары мол көлемдегі суды қабылдап жатыр.

Әкімдік мәліметінше, жауын-шашынның көп түсуіне байланысты кей аумақтарда уақытша су жиналған. Мұндай жағдайда ливневка жүйесіне суды толық ағызу үшін орта есеппен 40 минуттан 1 сағатқа дейін уақыт қажет.

Сондай-ақ коммуналдық қызметтер жаңбыр суын қабылдайтын құдықтар мен коллекторларды тұрақты түрде тазалап, құбырларды булау жұмыстарын жүргізіп жатқаны және жаңа нөсер кәрізі желілері мен тазарту нысандарының құрылысы жалғасып жатқаны хабарланды.

Войдите, чтобы оставить комментарий