Астанада 87 жастағы қарияны алдаған алаяқ ұсталды
                                Астанада 87 жастағы қарияны алдап, пәтерін сатқызған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Астанада 87 жастағы қария телефон алаяқтарының арбауына түсіп, баспанасынан айырылып қала жаздады. Зейнеткерге хабарласқан белгісіз біреулер өздерін ІІМ және Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырған.
Олар қарт кісіні "құпия операция" жүргізіп жатқандарына сендіріп, бұл туралы ешкімге тіс жармауын қатаң ескерткен. Алаяқтардың сөзіне иланған зейнеткер көп ойланбастан риэлторлық компания арқылы пәтерін сатқан. Одан түскен 39 миллион теңгені "қауіпсіз шотқа аудару үшін" арнайы келген курьердің қолына ұстата салған.
Алайда, елордалық полицейлер жедел әрекет етіп, күдіктіні көп ұзатпай қолға түсірді. Ол Алматы облысының 23 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тінту кезінде оның жанынан барлық 39 миллион теңге табылып, заңды иесіне толықтай қайтарылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның мәліметінше, бұл Астанадағы жалғыз оқиға емес. 2025 жылдың басынан бері елордада интернет-алаяқтықтың үш мыңнан астам дерегі тіркелген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, көбіне 50 жастан асқан азаматтар алаяқтардың құрбаны болып жатады екен.
Соңғы жаңалықтар