«Бір сағаттың ішінде шашым ағарып кетті» - Каспийдегі апаттан аман қалған сарбаздың анасы

13.10.2026 • 14:29 Мөлдір ҚАЙНАР
«Бір сағаттың ішінде шашым ағарып кетті» - Каспийдегі апаттан аман қалған сарбаздың анасы
307
Фото: коллаж politico.kz

Каспий теңізінде болған қайғылы оқиға кезінде аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова әлеуметтік желідегі парақшасында ұлының тағдыры қыл үстінде тұрған сәттегі ауыр күйзелісін еске алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, басында әскери оқу-жаттығудың нақты қай бөлімде өткені белгісіз болған. Алайда оқиғаның ұлы қызмет ететін әскери бөлімде болғанын естіген сәтте жаны қатты күйзелгенін жасырмады.

«Сол күнгі оқиға мені сындырды... Жанымның қаншалықты ауырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұрын басымда екі-үш тал ғана ақ шашым бар еді, сол бір сағаттың ішінде шашым ағарып, өзімді он жылға қартайып кеткендей сезіндім... Өзен мен Ақтаудың арасындағы жолдың әр метрі бітпейтіндей көрінді. Жыладым, айқайладым, Алладан жалбарынып тіледім», — деп жазды анасы.

Сондай-ақ ол тоғыз бірдей сарбазды құтқару мүмкін болмағанын естігенде өзін қоярға жер таппағанын, күдік пен қорқыныш жанын жегідей жегенін жеткізді.

«“Балам солардың ішінде бар ма? Аман ба?” деген мың сан сұрақ маза бермеді. “Я, Алла, баламды аман сақтай гөр, маған қайтаршы!” деп жалбарындық. Телефонның ар жағынан әкесінің жылаған дауысын естіген сәттегі ауыртпалықты айтып жеткізу мүмкін емес», — деп еске алады ол.

Ана жүрегінің зары мен Алладан тілеген тілегі қабыл болып, сарбаз Ақжол аман-есен отбасымен қауышқан.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий