Астанада «Бораттың» киімін киіп, стадионда шешінген шетелдік жанкүйерлер қамауға алынды

22.01.2026 12:03 Арман Ермеков Арман Ермеков
Астанада «Бораттың» киімін киіп, стадионда шешінген шетелдік жанкүйерлер қамауға алынды
259
фото: бейнеден кадр

Астанада «Борат» кейпіне енген бельгиялық жанкүйерлер қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Nur.kz-ке сілтеме жасап.

Астанада өткен «Қайрат» пен «Брюгге» арасындағы футбол матчы кезінде дүйім жұртты таңғалдырған бельгиялық жанкүйерлер жазаланды. Трибунада ішімдікке тойып алып, «Борат» фильміндегі кейіпкердің іш киімімен қалған үш шетелдік азаматқа сот шешімі шықты.

Елордалық соттың баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, оқиға 2026 жылдың 20 қаңтарында «Астана Арена» стадионында болған. Бельгияның үш азаматы қоғамдық орында мас күйде жүріп, үстіндегі киімдерін шешіп тастаған. Олар іш киіммен ғана қалып, айқай-шу шығарып, стадиондағы өзге көрермендердің тыныштығын бұзған.

Сот отырысында құқық бұзушылар өз кінәсін толық мойындады. Олар бұл әрекетке эмоцияға беріліп барғандарын, ойларында заң бұзу ниеті болмағанын алға тартты. Алайда бейнежазбалар мен куәгерлердің сөзі ұсақ бұзақылық фактісін толық растады.

Заңнамаға сәйкес, мұндай әрекет үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Судья шетелдік қонақтардың қоғамдық тәртіпті бұзғанын ескере отырып, оларды 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы үкім шығарды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде дәл осы матчта жанкүйерлердің оғаш қылығы түсірілген видео тараған болатын. Кадрда шетелдіктердің «Борат» фильміндегі әйгілі купальникті киіп алғаны анық көрінеді. Тәртіп сақшылары оларды сол мезетте ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий