Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан Жазира Адауованың туыстары сұмдық жайттарды жайып салды

25.09.2026 • 15:47 Мөлдір ҚАЙНАР
Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан Жазира Адауованың туыстары сұмдық жайттарды жайып салды
330
Фото: видеодан скриншот

Елордада бұрынғы күйеуі бірнеше жерден пышақтап өлтірген Жазира Адауова бұған дейін де отбасындағы зорлық-зомбылық бойынша тәртіп сақшыларына бірнеше мәрте шағымданған. Марқұмның жақындары орган өкілдері әйелдің жанайқайына құлақ аспай, салғырттық танытты деп дабыл қағуда, деп хабарлайды Politico.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға кешкі сағат 20:00 шамасында Күлтегін көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында орын алған. Келіншек көлігін тұраққа қоймақ болған сәтте, жақын маңда аңдып отырған бұрынғы күйеуі жүгіріп келіп, есікті ашып, рөлдегі әйелді бірнеше мәрте пышақтаған. Ауыр жарақат алған келіншек оқиға орнында тіл тартпай кетті. Жантүршігерлік қылмыс бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Марқұмның ағасы Елнұр Адауовтың айтуынша, күдікті осыған дейін де келіншектің ізіне түсіп, қоқан-лоқы көрсеткен:

«Бір күні қарындасым есік алдына шыққанда, оны күштеп көлігіне отырғызып алып: “Сөйлесейік” деп, қала сыртына апарып соққыға жыққан, қылқындырған. Сол күні ол мас күйінде ұсталды. Жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылып, тек көлікті мас күйінде айдағаны үшін 15 тәулікке қамалды. Ал оған дейін жасаған отбасылық зорлық-зомбылығы үшін ешқандай жазаға тартылмады», – дейді ол.

Ал әкесі Әзімбек Бірімқұлов күдіктінің жуырда ғана ішкі істер органдарынан кеткенін айтып отыр:

 «7 қыркүйекте пышақпен келді. Келіншек жұмысқа шықпақ болып көлігін оталдырғанда, салонына кіріп алған. Сол кезде көршілер араша түсіп, пышағын тастап қашып кетті. Ол кезде де полицияға шағымдандық. Бұрын ол полицияда істеген, жұмыстан шыққанына әлі екі-үш ай ғана болды», – деп күйінді әкесі.

33 жастағы күдікті көп ұзамай ұсталды. 10 жылдан аса отасқан ерлі-зайыпты соңғы уақытта заңды түрде ажырасып кеткен екен. Артында екі баласы анасыз қалды.

Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдиннің мәлімдеуінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, кісі өлтіру фактісі бойынша тергеу ерекше бақылауға алынған. Қазір мәйітке сараптама жүргізіліп жатыр, марқұмды туған жері Теміртауда ақтық сапарға шығарады.

Войдите, чтобы оставить комментарий