Астанада ер адам анасын тұншықтырып өлтірген

06.02.2026 10:55 Мөлдір Талғат
Астанада ер адам анасын тұншықтырып өлтірген
207
Фото: ашық дереккөз

Қалалық сот 55 жастағы ер адамды ауыр дертке шалдыққан туған анасын қасақана өлтірді деп танып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың шілде айында болған. Айыпталушы жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалып, анасын кенеттен жағдайы нашарлап кеткенін хабарлаған. Алайда оқиға орнына жеткен дәрігерлер қарт әйелдің сол сәтте көз жұмғанын анықтаған.

Марқұмның мойын тұсынан байқалған күмәнді іздерден кейін сот-медициналық сараптама тағайындалып, өлімнің тұншығу салдарынан болғаны белгілі болды.

Сот барысында ер адам өзін ақтауға тырысып, анасын құтқармақ болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қарт әйел өз-өзіне қол жұмсамақ болып, сүлгімен асылуға әрекеттенген, ал өзі оны тоқтатпақ болған. Алайда бұл нұсқаны куәгерлер мен көршілердің көрсетулері жоққа шығарды.

Көршілердің айтуынша, айыпталушының тұрақты жұмысы болмаған, анасының зейнетақысымен күн көрген, ішімдікке әуес болып, жиі жанжал шығарған. Сондай-ақ ол төсек тартып жатқан анасын ұдайы қорлап, күш көрсеткені туралы деректер айтылды.

Жиналған дәлелдер мен сараптама қорытындыларын негізге алған сот ер адамды «қасақана адам өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий