Астанада Ержан Бабақұмаровты ақтық сапарға шығарып салды
 
                                Астанада 31 қазанда белгілі саяси қайраткер, Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровпен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды POLITICO.KZ ORDA.KZ-ке сілтеме жасап.
Жаназа намазы түстен кейін, сағат 15:30-да елорданың сол жағалауындағы марқұмның үйінде оқылды. Рәсімге марқұмның туыстары, жақындары мен достары, жалпы 50-ге жуық адам жиналды.
Қоштасуға келгендердің арасында депутаттар Ермұрат Бәпи мен Ерлан Сайыров, қоғам белсендісі Тоғжан Қожалы, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов болды. Олар марқұмның жақындарына көңіл айтып, қолдау білдірді.
Еске салайық, Ержан Бабақұмаров 30 қазанда 56 жасында Астанада қайтыс болды. Оның өліміне таныстары арасындағы кикілжің себеп болғаны хабарланды. Жанжал төбелеске ұласып, Бабақұмаров алған жарақатынан көз жұмған.
Полицияның мәліметінше, бұл оқиға бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Ержан Жалбақұлы Бабақұмаров - 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Ол әр жылдары Президент кеңесшісі, Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Соңғы жаңалықтар
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                            