Астанада көші-қон қызметі мен ХҚКО қызметкерлері жаппай сотталды
Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот «Нұрлы жол» теміржол вокзалы аумағында шетел азаматтарын заңсыз заңдастыру схемасын ұйымдастырған 10 адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот алдында көші-қон қызметінің бір қызметкері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрт қызметкері және бес делдал жауапқа тартылған. Оларға 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ бостандықты шектеу және айыппұл түріндегі жазалар тағайындалды.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ шетел азаматтарына уақытша тұруға және жұмыс істеуге қажетті құжаттарды рәсімдеуді заңсыз жолмен жеделдетіп отырған. Делдалдар электронды кезекті және заң талаптарын айналып өтіп, құжаттарды басым тәртіппен рәсімдету үшін ақша алған.
Схемаға қатысқан көші-қон қызметкері өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, қажетті рәсімдердің кедергісіз өтуіне ықпал еткен. Ал заңсыз алынған қаражат оның жақын туыстарының банк шоттарына аударылып отырған.
Қылмыстық схеманы Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп әшкерелеген.
Тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданып, сот барлық 10 адамның кінәсін толық дәлелденген деп таныды.
Соңғы жаңалықтар