Астанада шет елдердегі қазақ ғалымдары бас қосты

22.11.2025 15:11 Айсұлу Мұрат
Астанада шет елдердегі қазақ ғалымдары бас қосты
0
53
«Отандастар қоры», суретте: Асқар Жұмаділдаев

Астанада Назарбаев Университетінде ҚР Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар қоры» ұйымдастырған «Отандас ғалымдар форумы» өтті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

2025 жылғы 21 қарашада өткен шараға әлемнің 12 елінен 40-тан астам отандас ғалым және Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО-ларынан 100-ге жуық сарапшы қатысты.

Бұл — «Отандастар қорының» шетелдегі қазақ диаспорасымен ғылыми және зияткерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған төртінші халықаралық жобасы. Биылғы форумның ерекшелігі — шетелде ғылым, технология және инновация салаларында жұмыс істейтін қазақстандық ғалымдарды алғаш рет кең форматта біріктіруі.

Форумның мақсаты: отандас ғалымдардың білімін Қазақстанның ғылыми-инновациялық дамуына тарту, тұрақты ғылыми серіктестік орнату, жас зерттеушілердің халықаралық ғылыми экожүйеге қосылуына жағдай жасау және елді аймақтық ғылыми-инновациялық хаб ретінде таныту.

Ресми ашылуда Айбек Смадияров, Ғалиасқар Сарыбаев, Талғат Ешенқұлов, Данияр Қадыров және Назарбаев Университетінің президенті Ахмад Вакар сөз сөйлеп, шетелдегі қазақ ғалымдарының тәжірибесі ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Форумда 2025 жылы жарық көрген «Ұлы дала» кітап сериясының таныстырылымы өтті. Пленарлық сессияларда АҚШ, Еуропа, Азия елдерінен келген ғалымдар жасанды интеллект, кванттық технологиялар, ядролық энергетика, медицина, агроинновациялар, биотехнология, әлеуметтік ғылымдар, білім беру экожүйесі сияқты түрлі салалар бойынша зерттеулерін ұсынды.

Шара барысында қандас студенттерге арналған «OQ Startup» және «Үздік қандас студент» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ Қуаныш Ерғалиев «Жүз ғалым» жобасын және әлемдік қазақ ғалымдарын біріктіретін QIST қауымдастығын таныстырды.

Форум қорытындысында «Отандастар қоры» президенті Данияр Қадыров ұсыныстарды түйіндеп, форум материалдары жеке жинақ ретінде жарияланатынын хабарлады.

Бұл форум Қазақстанның интеллектуалды диаспорасымен ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий