Астанада стоматолог 3 жастағы қыздың 18 тісін бірден емдеймін деп өлтіріп алды
Астанадағы Dent-Park стоматологиясында 3 жасар қыздың тісі ұзақ мерзімді анестезиямен емделгеннен кейін қайтыс болды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қайғылы жағдайға тап болған отбасының өкілі, адвокат Руслан Айтжанов медициналық процедура кезінде бірқатар өрескел қателіктер жіберілгенін айтады. Оның сөзінше, дәрігерлер медициналық стандарттарды бұзып, кішкентай баланың тісін бірден толық емдеуге тырысқан.
Марқұм қыздың әкесі Талғат Құмаров 2024 жылдың 30 қазанында қызының тісін Севоран препараты арқылы седациямен емдетуге алып барған. Бұған дейін дәл осы клиникада жасалған алдыңғы процедура да 3,5 сағатқа созылып, бала анестезиядан кейін ұзақ оянбаған.
«Кейін Фармацевтикалық бақылау тексеріс жүргізіп, көптеген бұзушылықтарды анықтады», — деді әкесі.
Отбасының айтуынша, сол күні дәрігерлер қыздың 20 тісінің 18-ін бірден емдеуге шешім қабылдаған. Седация таңғы 09:10-да басталған. Сағат 14:00 шамасында бала оянбай жатқаны белгілі болған.
«Жедел жәрдем шақырылды. Реанимация 40–45 минутқа созылды. Бірақ қызым есін жинамады. Жүрегі тоқтап, миы ісіп кеткен», — дейді әкесі.
Фармацевтикалық бақылау актілеріне сүйене отырып, ата-ана клиника алғашқы көмек көрсету кезінде де заң бұзғанын айтады. Клиника директоры Надежда Хон анестезиологтың сол күні-ақ жұмыстан босатылғанын растады. Алайда процедураға қатысқан стоматолог қызметін жалғастырып жүр.
«Анестезия маманын жұмыстан шығардық. Сараптама қорытындысын күтіп отырмыз», — деді Хон.
Сот отырысына келген анестезиолог Жұмағалиева журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.
Адвокат Айтжанов сот-медициналық сараптама мен сапаны бақылау департаментінің қорытындылары анестезиолог пен стоматологтың кінәсін көрсеткенін айтты. Соған қарамастан тек анестезиолог қана тергелген.
Анықталған негізгі бұзушылықтар:
Анестезиолог соңғы рет 2019 жылы біліктілігін арттырған және балалар анестезиясы бойынша міндетті 7 жылдық тәжірибесі болмаған;
Клиникада сертификатсыз және мерзімі өткен дәрілер сақталған;
Балаларға арналған ұзақ седация стандарттары бұзылған.
Адвокат пен марқұмның ата-анасы жеке клиникаларға кішкентай балаларға ұзақ уақыттық анестезия қолдану тәжірибесін қайта қарауды талап етеді. Олар процедураға қатысы бар барлық дәрігердің жауапқа тартылуын сұрайды.
Сот процесі анестезиологтың адвокаты келе алмағандықтан кейінге қалдырылды.
Соңғы жаңалықтар