Астанада танысу сайты арқылы ер адамнан 500 мың теңге бопсалаған үшеу сотталды

31.08.2026 10:06 Қарақат АСЫЛОВА
Астанада танысу сайты арқылы ер адамнан 500 мың теңге бопсалаған үшеу сотталды
211
ЖИ арқылы жасалған сурет

Астанада танысу сайты арқылы ер адамды алдап, 500 мың теңге бопсалаған үш азамат бас бостандығынан шектелді. Бұл қылмыстық істің мән-жайын журналист Михаил Козачков хабарлады.

Қостанай облысының тумасы, 32 жастағы Нұргүл Кужаева шілде айының басында танысу сайты арқылы бір ер адаммен хат алмасады. Көп ұзамай ол жаңа танысын Астанадағы жалға алынған пәтерге қонаққа шақырады.

Оқиға 6 шілде күні болған. Жәбірленуші пәтерге келіп, жуынатын бөлмеге кіріп шыққан кезде ішке екі бөгде адам баса-көктеп кіреді. Олар 33 жастағы ақтөбелік Әділхан Амерхан мен 24 жастағы қарағандылық Ілияс Еркін есімді азаматтар еді.

Бөлмеге кіріп келген екеу өздерін Нұргүлдің туыстарымыз деп таныстырған. Олар жартылай жалаңаш тұрған қонақты қарындастарына зорлық көрсетпек болды деп айыптап, істі полицияға жеткізбес үшін ірі көлемде ақша талап еткен.

Қорқып қалған ер адам қарсылық көрсетпей, банк қосымшасынан бірден 500 мың теңге несие рәсімдейді. Содан кейін барлығы бірге банкоматқа барып, ақшаны қолма-қол шешіп алған соң жәбірленушіні босатып жібереді.

Алайда ақшаны үшке бөлген топ көп ұзамай полиция қызметкерлерінің қолына түскен.

Ұсталғандардың әрекеті бопсалау бабы бойынша сараланды. Тергеу кезінде екі ер адам тергеу изоляторына қамалып, қыз үйқамаққа алынған.

Істі тергеу өте жылдам аяқталды. Сотта күдіктілер өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген шығынды қайтарып берді.

Сот шешімімен үшеуінің әрқайсысына 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий