Кореяда қазақстандық азамат жүргізушілерге қоқан-лоқы көрсеткені үшін ұсталды: СІМ не дейді?

Кореяда қазақстандық азамат жүргізушілерге қоқан-лоқы көрсеткені үшін ұсталды: СІМ не дейді?
Фото: ашық дереккөз

Оңтүстік Кореяда үш айға жуық іздеуде жүрген қазақстандық ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оңтүстік Кореялық БАҚ мәліметінше, 21 жастағы қазақстандық күдікті 25 жастағы отандасымен бірге басқа көліктің жолын бөгеп, ішіндегі адамдарды қорқытқан.

Оқиға 29 шілдеде болған. Алайда ол 16 қазанда Ансон қаласында ұсталып, екі күннен кейін сот оны қамауға алуға санкция берген.

Қазақстандық өз кінәсін мойындап, көлікті басқа адамдікімен шатастырып алғанын айтқан. Ал екінші күдікті сыбайласы ұсталғанға дейін көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін бұған дейін Оңтүстік Кореядан мәжбүрлі түрде шығарылған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін және ұсталған азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

«Отандасымызға бірқатар құқық бұзушылық, соның ішінде бөтеннің мүлкін бүлдіру, көші-қон режимін сақтамау және автокөлікті пайдалану қағидаларын бұзу бойынша айып тағылып отыр», - делінген СІМ хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, қазақстандық дипломаттар бұл мәселені бақылауда ұстай отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу