Астанада Ұлы Отан соғысының ең соңғы майдангері дүниеден өтті

12.08.2026 22:23 Қарақат АСЫЛОВА
Астанада Ұлы Отан соғысының ең соңғы майдангері дүниеден өтті
230
Фото: Қорғаныс министрлігі

Астанада Ұлы Отан соғысының қатысушысы, қаладағы соңғы майдангерлердің бірі Рзағұл Байкешев 103 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Ардагерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Ақмола облысының Қабанбай батыр ауылында өтті.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қоштасу рәсіміне Құрмет қарауыл ротасы мен Әскери оркестр қатысты. Жаназа намазы оқылып, ардагердің құрметіне қарудан үш рет салют атылды.

Рзағұл Байкешев 1923 жылғы 18 қазанда Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Соғыс жылдары Кеңес әскері қатарында Ржев түбіндегі шайқастарға, Великолукск шабуыл операциясына қатысып, Польша мен Венгрияны азат етуге атсалысқан. Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған.

Соғыстан кейін ардагер Қабанбай батыр ауылындағы совхозда ұзақ жылдар бойы экспедитор болып еңбек еткен.

Қоштасу рәсіміне Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Астана мәслихатының хатшысы Зейнұлқабден Табиғат, Алматы ауданының әкімі Рүстембек Тәуекелов, Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің командирлері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері және марқұмның туған-туыстары қатысты.

Рзағұл Байкешевтің қазасымен Астанадағы майдангерлер тарихының тағы бір парағы жабылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий