Астанада үш құрылысшы биіктен құлап кетті
Астанада құрылыс нысанында болған оқиғадан кейін полиция тергеу жұмыстарын бастады. Бес қабатты ғимараттан құлап кеткен үш жұмысшы түрлі жарақат алған, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, үш ер адам құрылыстағы металл троссының құлауы салдарынан жарақат алған.
"Жұмысшылардың бесінші қабаттан құлау дерегі бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – деп толықтырды департамент.
Айта кетейік, бұған дейін редакцияға зардап шеккен жұмысшылардың бірінің ұлы Рахим Әділгерей хабарласқан. Оның айтуынша, оқиға 18 қараша күні шамамен сағат 11:00-де болған. Жұмысшылар салынып жатқан Attila тұрғын үй кешенінің бесінші қабатынан, шамамен 15 метр биіктіктен құлаған. Оқиға Құлтегін көшесі, 16 мекенжайында тіркелген.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы 18 қараша күні ауыр жарақат алған үш ер адамның жеткізілгенін хабарлады. 1981 жылы туған науқасқа бас сүйегінің маңдай бөлігіне көпсынықты жарақаттарға байланысты резекциялық трепанация жасалып, қатты ми қабығына пластика жүргізілген. Оның жағдайы ауыр, сондай-ақ 1997 жылы туған екінші азаматтың да жағдайы ауыр. Ал 1984 жылы туған азаматтың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Зардап шеккендерге қажетті мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп, тиісті операциялар жасалды.
Соңғы жаңалықтар