Реджеп Тайып Ердоған Қазақстан әуе кеңістігінен өтіп бара жатып Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеделхат жолдады

Реджеп Тайып Ердоған Қазақстан әуе кеңістігінен өтіп бара жатып Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеделхат жолдады
Фото: Aqorda

Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жеделхат жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Түрік көшбасшысы өзінің достық пен бауырластық тиесілі хабарламасын Қазақстан аумағының үстінен ұшып өту барысында жіберген.

— Корея Республикасына ресми сапармен бара жатып, тарихи ата-жұртымыз — достық әрі бауырлас Қазақстанның аумағы үстінен ұшып өтіп бара жатырмын. Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстанға жасаған сапарымның және Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитіне қатысу үшін жақында Сiздің Анкараға жасаған сапарыңыздың табысты қорытындылары мен ыстық естеліктері әлі де жадымызда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге зор денсаулық пен жеке басыңызға бақыт, ал бауырлас Қазақстан халқына әрі қарай да өркендеу мен амандық тілеймін, — деп жазды Түркия Президенті.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға жасаған ресми сапары мен ТМҰ саммиті барысында Қазақстан делегациясына көрсетілген ыстық ықылас пен қонақжайлылық үшін Түркия Президентіне алғыс білдірді.

— Реджеп Тайып Ердоған мырзаға Анкарада көрсеткен ілтипаты мен қонақжайлылығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Елдеріміз арасындағы достық пен стратегиялық серіктестік әрі қарай да нығая беретініне сенімдімін, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28–30 қазан аралығында Түркияға ресми сапармен барып, Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитіне қатысқан болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу