Астанадағы ескі вокзалдың төбесі құлады: Зардап шеккендер бар
28 маусым күні таңертең Астанадағы ескі теміржол вокзалында орналасқан асхананың төбесі опырылып құлады, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Курсив”-ке сілтемемен.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде асханада шамамен 8–9 адам болған. Келушілердің басым бөлігі дер кезінде сыртқа шығып үлгерген. Салдарынан бір әйел жеңіл жарақат алып, денесін соғып алған.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, оқиға сағат 05:35 шамасында вокзал аумағында орналасқан «Ертас» ЖШС-не тиесілі қоғамдық тамақтану орнында болған.
Компанияның хабарлауынша, вокзалдың медициналық пунктіне екі келуші жүгініп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Зардап шеккендер жедел жәрдем шақырудан бас тартқан. Оқиғаға байланысты тиісті акт рәсімделді.
ҚТЖ өкілдері асхана орналасқан ескі вокзал ғимаратының бұл бөлігі 2002 жылдан бері жеке меншікке өткенін атап өтті. Жалпы ауданы 2371 шаршы метр болатын нысан «Ертас» ЖШС-нің меншігінде.
Сондықтан аталған ғимарат ҚТЖ-ның технологиялық қызметінде пайдаланылмайды және ұлттық компания оның күтімі мен техникалық жағдайына жауапты емес екенін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар