Астанадағы өрт: балаларынан айырылған отбасы туралы не белгілі?

22.04.2026 10:42 Мөлдір Талғат
Астанадағы өрт: балаларынан айырылған отбасы туралы не белгілі?
559
Фото: коллаж POLITICO.KZ

Астанада Түркістан көшесіндегі тұрғын үйде болған өрттен кейін тек күйген пәтер ғана емес, көптеген жауапсыз сұрақтар да қалды, деп хабарлайды Politico.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеп.

Сол түні үш бала қаза тауып, олардың анасы аман қалған. Көршілер өрт кезінде қабырға ар жағынан көмек сұраған айқай емес, ыңырсу мен дұға сөздерін естігендерін айтады. Анасы балаларын құтқаруға тырысты ма? Неліктен есік жабық болды? Сол түні нақты не болғаны әлі белгісіз.

Бір аптадан астам уақыт өтсе де, оқиғаға толық анықтық енгізілген жоқ. Ресми мәліметке сәйкес, шамамен 50 шаршы метрлік пәтерде өрт түн ортасынан кейін басталған. Өрттен кейін 13 жастағы Айзере, 2 жастағы Айпара және бір жасқа толмаған Арланның мәйіттері табылды. Олардың анасы Жанаргүл Қожамкей аман қалғанымен, денесінің 35 пайызы күйіп, көмірқышқыл газынан уланған. Өрттің нақты себебі әзірге жарияланған жоқ.

Мамандардың айтуынша, өрт кезінде қою түтін адамның бағдарын жоғалтып, тұншығуына әкеледі. Мұндай жағдайда адам тіпті шығатын жолды таба алмай қалуы мүмкін.

Көршілердің бірі сол түні болған жағдайды былай сипаттайды: шамамен түнгі 01:17-де оянып, алдымен оттың сықырлаған дыбысын, кейін түтінді байқаған. Пәтерден әлсіз ыңырсыған дауыс естілген. Ол дереу сыртқа шығып, көршілерді көмекке шақырған.

«Мен айқайлап: “Не қарап тұрсыңдар? Пәтер жанып жатыр! Ішінде адам бар!” дедім. Ал олар “қолымызда ештеңе жоқ” деп жауап берді. Кейін ғана бәрі қозғала бастады. Көпшілігі түтінге уланып, бірден не болып жатқанын түсінбеген сияқты», – дейді тұрғын.

Қазіргі таңда өрттің нақты қай жерден басталғаны, ананың есікке дейін жеткен-жетпегені, қашан есінен танғаны белгісіз. Мамандардың айтуынша, қою түтін жағдайында адам бірнеше қадам да жасай алмауы мүмкін.

Отбасының өмірі

Жанаргүл Қожамкей Қытайдан көшіп келген қандас болған. Астанаға көшпес бұрын Шығыс Қазақстан облысында тұрған. Ол кезде тұрмыста болмаған.

Үлкен қызы Айзере мүгедектігіне қарамастан, YouTube желісінде блог жүргізген. Жанаргүл интернет арқылы балалар аяқ киімін сатып, табыс тапқан. Оның ZEKE-BAI атты жеке кәсіпкерлігі тіркелген. Ал күйеуінің автокөлік бөлшектерін сатумен айналысатын жеке бизнесі болған.

Отбасы шағын пәтерде тұрған: үш бала, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін қыз, және табыс табуға тырысқан ана.

Ашық деректерге сәйкес, Жанаргүл бұрын журналист болып, қазақтілді сайттарға жазған. Ол қоғамдық мәселелерге де пікір білдіріп отырған. Әсіресе Жаңаөзен оқиғасы кезінде қандастарға қатысты айтылған пікірлерге қарсы шығып, оларды орынсыз айыптауды сынға алған.

Сонымен қатар, ол жеке блог жүргізіп, өмірі туралы жазып отырған. Соңғы жазбаларының бірі үлкен қызына арналған:

«Менің барым, бақытым, Алланың сыйы. Сенің күлкің – менің ең жарық әлемім. Саған ең басты байлық – денсаулық тілеймін. Өмірің мәнді әрі жарқын болсын. Мен сені жақсы көремін», – деп жазған.

Балалардың қазасы

Куәгерлердің айтуынша, балалар өрт сөндірушілер келгенге дейін түтінге уланып көз жұмған. Тұрғындар бұл жағдайды ауыр күйзеліспен қабылдаған.

Көршілердің бірі балалардың дауысына үйреніп қалғанын, оларды күн сайын көріп жүргенін айтады. Оқиғадан кейін балалардың әкесі қатты күйзеліп, жедел жәрдем көмегіне жүгінген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий