Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары түрмеде қалатын болды
10 жылға сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев мерзімінен бұрын шартты түрде босатылмады. Бұл туралы «Ақ Жайық» жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін Астана қаласының ауданаралық соты оның босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмаған еді. Бұл шешіммен келіспеген Таубаев апелляциялық шағым түсірген. Бірақ өткен аптада елордалық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Осылайша бұрынғы шенеунік жазасын әрі қарай өтейтін болды. Ол 2022 жылдың мамыр айынан бері түрмеде отыр, оған дейін 2 жылға жуық уақыт тергеу изоляторында болған. Толық босап шығуына әлі 2 жылдай уақыт бар.
Еске салсақ, 2020 жылы Нұрлан Таубаев пен сол кездегі облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров ұсталған болатын. Олар өңірдегі жол құрылысымен айналысатын компаниядан 182 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Кейін 2022 жылдың мамырында сот екеуін де аса ірі мөлшерде пара алуға оқталды деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырған еді.
Соңғы жаңалықтар