Атырау облысының жаңа әкімі медицина саласын дамытуға қатысты маңызды тапсырма берді
Атырау облысында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында заманауи медициналық кластер құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Ақ Жайыққа сілтемемен.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы саланың жұмысына арналған алқа мәжілісінде айтылды.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов өңірде көпбейінді ауруханалар, онкологиялық қызмет және Ана мен бала орталығын біріктіретін медициналық кластер қалыптастыруды тапсырды. Сонымен қатар 180 орындық жаңа облыстық онкологиялық диспансердің құрылысын жеделдетіп, облыстық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды міндеттеді. Бұл жобалардың орындалуына жауапты тұлғалар жеке жауапкершілік арқалайды.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биылғы алты айда өңірде онкологиялық ауруларды анықтау көрсеткіші 8 пайызға артқан. Мамандар мұны ерте диагностиканың күшеюімен, жаңа эндоскопиялық және скринингтік орталықтардың жұмысы, сондай-ақ көшпелі дәрігерлер тобының қызметімен байланыстырады.
Жиында күйік орталығын ашу мәселесі де көтерілді. Қазір мұндай науқастар травматология бөлімінде ем қабылдайды. Алайда өндірісі дамыған өңір үшін бұл жеткіліксіз екені айтылып, толыққанды күйік бөлімін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тапсырылды.
Сонымен қатар тұрғындардың медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдары көбейгені белгілі болды. Тексерулер барысында кейбір емдеу ұйымдарында клиникалық хаттамалардың сақталмауы, процедураларды жүргізудегі кемшіліктер және лицензиясыз қызмет көрсету деректері анықталған.
Соңғы үш жылда облыстағы дәрігерлер саны 1575-тен 1775-ке дейін өсіп, маман тапшылығы 201-ден 90 адамға дейін азайған. Ауылға жұмысқа баратын дәрігерлерге 10 миллион теңгеге дейін көтерме ақы мен баспана ұсынылады.
Өңірде жоғары технологиялық медициналық көмектің түрлері де көбейіп, тұрғындардың басқа облыстарға ем іздеп бару көрсеткіші 27 пайызға төмендеген.
Биыл Атырау облысының денсаулық сақтау саласына 86,7 миллиард теңге бөлінді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 629 мыңнан астам тұрғын сақтандырылған болса, 76 мыңнан астам адамның мәртебесі әлі рәсімделмеген.
Жиын қорытындысында облыс әкімі дәрігер қабылдауына кезекті азайтуды, жүкті әйелдерді бақылауды күшейтуді, аудандық медицинаны және жедел жәрдем қызметін дамытуды тапсырды. Сондай-ақ өңірде медициналық жоғары оқу орнының филиалын немесе университеттік клиника ашу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны айтылды. Болат Ақшолақов денсаулық сақтау саласындағы басты өлшем есеп емес, тұрғындардың денсаулығы мен көрсетілетін қызмет сапасы болуы тиіс екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар