Атырауда алты айлық сәби аурухана дәлізінде шетінеп кетті
Атырау облысында алты айлық нәрестенің өлімі қоғамда алаңдаушылық туғызды, деп хабарлайды Politico.kz azh.kz-ке сілтеме жасап.
Ата-анасының айтуынша, сәби алғашында қызуы көтеріліп, кейін құлақ қабынуы асқынып, жағдайы күрт нашарлаған. Алайда олар дәрігерлер нақты диагнозды дер кезінде қоя алмағанын және қажетті ем тағайындалмағанын алға тартты.
Бізге нақты диагноз қойылмады, тиісті ем көрсетілмеді. Санавиация да қарастырылмады. Баланы өзіміз алып жүрдік, өкінішке қарай, жолда көз жұмды, – дейді ата-анасы.
Сәбиді Қызылқоға ауданынан Атырау қаласына ата-анасы өз күштерімен жеткізген. Бірнеше сағатқа созылған ауыр жолда бала алты сағат бойы тасымалданған. Олардың айтуынша, сәби облыстық аурухана кіреберісінде қайтыс болған.
Сонымен қатар ата-анасы дәрігерлік консилиум кезінде де қажетті көмек көрсетілмегенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс басталғанын хабарлады.
Бір жасқа дейінгі балалар өлімі міндетті түрде сот-медициналық сараптамаға жіберіледі. Қорытынды шыққан соң тиісті шешім қабылданады, – деді басқарма басшысы Қайсар Абдалиев.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы толық анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар