Атырауда ер адам жасөспірімнің атын жамылып, 13 жасар қыздан әдепсіз видеолар талап еткен
Атырауда кәмелетке толмаған қызды бопсалаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қолда бар мәліметке сәйкес, қыз бала «Дайвинчик» танысу сервисі арқылы өзін Аза деп таныстырған қолданушымен танысқан. Парақшада жасы 15–18 деп көрсетілген. Алайда кейінірек бұл аккаунттың артында ересек ер адам отырғаны анықталған.Хат алмасу барысында ер адам қыздан әдепсіз мазмұндағы видеолар жіберуді талап еткен. Қыз бала бас тартқаннан кейін ол бұрын алынған суреттерді таратып жіберемін деп қорқытып, жаңа материалдар жіберуге мәжбүрлемек болған.
Бұл қысым қыздың психологиялық жағдайына қатты әсер еткен. Ол анасына аудиохабарлама жіберіп, өзіне қол жұмсамақ болғанын айтқан. Осылайша анасы жағдайдан хабардар болып, қайғылы оқиғаның алдын алған.
Қыздың анасы полицияға жүгініп, хат алмасу жазбаларын, қорқыту хабарламаларын, фото және видеоларды тапсырған. Алайда бастапқыда құқық қорғау органдары интернет арқылы қолданушының жеке басын анықтау мүмкін емес екенін айтып, арыз қабылдаудан бас тартқан.
Осыдан кейін әйел мәселені өз күшімен анықтауға шешім қабылдаған. Ол сол әлеуметтік желіде 13 жастағы қыздың атынан тіркеліп, көп ұзамай Аза есімді қолданушының парақшасын тапқан. Хат алмасу барысында ер адам кешке кездесуді ұсынған.
Кездесуге қыздың орнына әйелдің туысы барған. Оны апарған такси жүргізушісі жағдайды білген соң көмектесуге келіскен. Көліктен кәмелетке толмаған қыздың орнына ересек әйел шыққан кезде, ер адам әшкереленгенін түсініп, қашып кетпек болған. Алайда жүргізуші оны қуып жетіп, кейін полиция шақырылған.
Атырау облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданған.Облыстық сотта іс материалдары қосымша тергеу жүргізу мәселесін шешу үшін прокурорға қайтарылғаны айтылды.
Ал облыстық прокуратураның мәліметінше, оқиға 2025 жылдың наурыз айында болған. Қала тұрғыны мессенджер арқылы 2012 жылы туған кәмелетке толмаған қызға жыныстық сипаттағы хабарламалар жіберген.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-1-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында телефоннан хат алмасу скриншоттары және басқа да дәлелдер алынған. Тергеу құпиясына байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Соңғы жаңалықтар