Атырауда күйеуі әйелін аяусыз соққыға жықты (ВИДЕО)

07.08.2026 18:11 Қарақат АСЫЛОВА
Атырауда күйеуі әйелін аяусыз соққыға жықты (ВИДЕО)
292
Видеодан кадр

Атырау қаласының Нұрсая шағынауданында болған отбасылық жанжал әлеуметтік желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға куәгерлер түсірген бейнежазба арқылы белгілі болды. Видеода ерлі-зайыптылардың сөзге келіп қалғаны, кейін ер адамның әйеліне қол көтергені көрінеді. Жазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушылардың жеке басын анықтады.

Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 6 тамыз күні болған. Тергеу барысында 1993 жылы туған ер адамның 1995 жылы туған жұбайына күш қолданғаны анықталған.

Жәбірленуші әйел арыз жазудан бас тартқанына қарамастан, құқық қорғау органдары ер адамға қатысты қорғау нұсқамасын шығарды. Сонымен қатар, ол тұрғылықты мекенжайы бойынша уақытша тіркеусіз тұрғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жәбірленушінің арызына қарамастан қаралатынын еске салып, мұндай жағдайларға куә болған азаматтарды дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий