Атырауда тәрбиеші бір жасар баланы ұрып тастаған

06.08.2026 15:54 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Атырауда тәрбиеші бір жасар баланы ұрып тастаған
181
Фото: коллаж Politico.kz

Атыраудағы «Асылым Kids» жекеменшік балабақшасында тәрбиеші бір жасар сәбиге күш көрсетіп, оны ұрып-соққан. Бұл туралы журналист Жұлдыз Қайратқызы мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Баланың анасы мен нағашы әжесінің мәліметіне сүйенсек, мекеме қызметкері кішкентай баланың құлағын тырнап қанатып, иығын тістеп, оны жердегі көпшікке күшпен лақтырған. Осы жағдайдан кейін сәбидің мінез-құлқы күрт өзгеріп, ол тоқтаусыз жылай беретін және адамдардан қатты қорқатын болған. Журналистің мәліметінше, бүлдіршінге озбырлық көрсеткен тәрбиеші бұрын істі болған деген ақпарат бар.

Қалалық білім бөлімі аталған мекеменің жекеменшік екенін, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жұмыс істемейтінін нақтылады.

Бұл дерекке қатысты Атырау облысының полиция департаменті арнайы түсініктеме беріп, құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғалардың барлығы бөлімшеге жеткізілгенін мәлімдеді.

«Аталған дерек бойынша кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бабымен қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық тұлғалар полиция бөліміне жеткізілген. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», – деп хабарлады полициядан тілшімізге.

Войдите, чтобы оставить комментарий