Атыраудағы қанды оқиға: Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты айыптар көбейуі мүмкін
Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазіргі уақытта тергеушілер марқұмдарға тиесілі банктік карталар, жеке құжаттар және отбасының малын сату деректерін жан-жақты тексеріп жатыр. "Ақ Жайық" агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, бұл жайттар істің саралануына әсер етуі мүмкін.Тергеу барысында қосымша эпизодтар анықталып, жаңа айыптау баптарының енгізілу ықтималдығы да қарастырылып жатыр.
Күдіктілерді Индонезиядан экстрадициялау кезінде түсірілген бейнежазбада Қазақстан құқық қорғау органдарына бірнеше жеке құжат пен банктік карталардың тапсырылғаны көрінеді. Кадрларда бес жеке куәлік пен бірнеше банк картасы көрсетілген. Олардың ішінде Kaspi Gold карталары мен әлеуметтік төлемдер түсіп отырған карталар бар.
Алдын ала деректер бойынша, отбасының үлкендері зейнетақы алып отырған, ал балаларына мүгедектік бойынша жәрдемақы төленген.
Сонымен қатар тергеу барысында мал сатуға қатысты эпизод та тексерілуде. Ауыл тұрғындарының айтуынша, отбасы мүшелерінің бірі жоғалғаннан кейін оның WhatsApp нөмірінен малды сату туралы хабарлама тараған. Кейін ауыл тұрғыны малдың бір бөлігін сатып алып, ақшаны Kaspi Gold картасына аударғаны белгілі болған.
Егер банктік карталарды заңсыз пайдалану деректері расталса, іс бойынша қосымша айыптар тағылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, 10 наурыз күні сот күдіктінің жұбайына қатысты шешім қабылдап, оны сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін 10 сәуірге дейін психикалық денсаулық орталығына орналастыру туралы қаулы шығарған.
Қазіргі уақытта күдіктінің балалары облыстағы балалар мекемелеріне уақытша орналастырылған. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ресми түрде ажырасқаны, бірақ бірге тұрғаны анықталған.
Тергеу аяқталғаннан кейін марқұмдардың туыстары жәбірленуші тарап ретінде материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап қоюға құқылы. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар