Атыраулық мұғалім жаңа оқу жылы алдында кабинетін жөндеуге мәжбүр болған
Атыраудағы мектептердің бірінің мұғалімі ұстаз еңбегіне құрмет көрсетілмей, құқықтарының бұзылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мектеп басшылығы оны сыныпта құрылыс және тазалық жұмыстарын атқаруға мәжбүрлеген, деп хабарлайды Politico.kz.
Мұғалім Threads әлеуметтік желісінде кабинетінің өзіне өте нашар жағдайда берілгенін айтты. Әкімшілікпен жанжал туғызбау және жаңа оқу жылына кабинетті уақытында дайындау үшін ол қабырғаларды әктеуге келісуге мәжбүр болған.
«Бір апта бойы еден жуып, шаң сүртіп, қабырғаларды әктедім. Күннің соңында шаршап, аяғымнан тік тұра алмай қалатынмын. Бірақ осының бәрінен кейін де, демалыста жүргенімде, ұсақ-түйекке қатысты ескертулер айтылды. Мысалы, менен плафондардың шаңын сүртуді сұрады. Ол үшін баспалдаққа шығып, электр құрылғыларына жақын жерде жұмыс істеу керек. Сондықтан бұл ұсыныстан сыпайы түрде бас тарттым», – деп шағымданды мұғалім.
Алайда оның бұл шешімін әкімшілік түсінбеген. Оқу ісі жөніндегі орынбасар мұғалімнің үйінде люстраларды жуатынын-жумайтынын сұрап, баспалдақ қолдануды талап еткен. Мұғалім мұндай талаптардың еңбек тәртібін өрескел бұзатынын еске салды.
«Менің үйде не істейтінімнің қызметтік міндеттеріме қандай қатысы бар? Мен қызыл дипломмен бітіргенмін, біліктілігімді үнемі арттырып, оқушыларды байқауларға дайындаймын. Мен құрылысшы немесе клинер болып емес, мұғалім болып жұмыс істегім келеді», – деп ашынды мұғалім.
Оқиғаға Атырау облысының білім басқармасы да назар аударып, ресми тексеру бастаған.
«Көрсетілген фактілер бойынша қазіргі уақытта қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Педагогтердің еңбек құқықтарының сақталуы Қазақстанның «Педагог мәртебесі туралы» заңына сәйкес қамтамасыз етіледі. Мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға заңсыз тарту фактілері расталған жағдайда, кінәлі тұлғаларға тиісті шаралар қабылданады», – деп мәлімдеді басқармадағылар.
Соңғы жаңалықтар