​«Аяқ-қолын жоғалтқандардың жүрегіне жалау болармын»: Тамара Асар не үшін депутат болғысы келетінін айтты

08.07.2026 17:18 Мөлдір ҚАЙНАР
​«Аяқ-қолын жоғалтқандардың жүрегіне жалау болармын»: Тамара Асар не үшін депутат болғысы келетінін айтты
180
Фото: instagram/tamara_assar_official

Танымал әнші Тамара Асар әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеме жасап, Қазақстан Халық партиясының қатарына қосылғанын және бұл қадамға неліктен барғанын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

​Өнер иесі бұл шешімін халықпен етене жақын болу және қоғамдық іске үлес қосу ниетімен байланыстырды. Ол өз жазбасында партияның бағдарламасы көңіліне қонғанын және саяси жолын өнердегі жолының заңды жалғасы ретінде көретінін жеткізді.

​«Ес білгелі өмірім халықпен байланысты! Үлкен қалаларда да, шалғай ауылдарда да, үлкен кен орындарда да елмен жүздестім. Аналардың тілегін, ақсақалдардың батасын, жастардың арманын, қарапайым еңбек адамдарының үмітінің отын байқадым. Сонда бір нәрсені анық түсіндім: өнер адамы халықтан бөлек өмір сүре алмайды. Өнердің де, өмірдің де тамыры — халықта. Маған бұл партияның “Халық” деген атауының өзі өте жақын. Бағдарламамен таныстым. Көңіліме қонды», – деп жазды Тамара Асар.

​Әнші бәрін білетін маман ретінде емес, елді тыңдап, бірге жұмыс істеуге келгенін, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көбірек қозғауға тырысатынын ашып айтты. Ол өзінің де тағдырында түрлі сынақтар болғандықтан, мұндай жандардың мұңын жақсы түсінетінін алға тартты.

​«Аяғын қолын жоғалтқан адамдардың жүректеріне жалау болармын мүмкін. Мен бұл тақырыпты өзім арқылы ұзақ зерттедім. Ол жайындағы мәселелерді бүге-шүгесін жақсы білетініме сенімдімін. Осы мәселені көбірек қозғауға тырысамын», – деді өнер иесі.

​Сөз соңында Тамара Асар өзіне сенім білдірген Қазақстан Халық партиясына алғыс айтып, басты мақсат — халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және елге пайдалы болу екенін жеткізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий