"Аяқтан шалушылар көп болды": Наркенже Серікбаева Мақпал Жүнісоваға арнап жүрекжарды жазба жариялады

22.07.2026 17:00 Мөлдір ҚАЙНАР
51
Фото: әлеуметтік желі

Дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева әлеуметтік желідегі парақшасында Халық әртісі Мақпал Жүнісоваға арнап жазба жариялап, өнердегі әпкесіне деген ықыласы мен құрметін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

​Өнер иесі Мақпал Жүнісованы қазақ өнерінің дара тұлғасы деп атап, оның өмірдегі ашық мінезі мен қайсарлығын ерекше атап өтті.

​"Қазақтай қасиетті елдің бағына біткен өнерпаздар аса көп емес. Солардың бірі де бірегейі — Мақпал Жүнісова апам деп білемін. Аңқылдаған, жарқылдаған жаны жайсаң жан. Елден еркелігін де, мінезін де жасырған емес. Қалай бар, солай жүреді. Еркіндік бар. Шындықты бетке айтатын қаймықпас қайсар мінезіне тәнтімін", – деді Наркенже Серікбаева.

​Сондай-ақ әнші аға буын өкілінің тағдыры мен өнердегі дара жолына тоқталып, өзінің ішкі жан дүниесі де ұқсас екенін жеткізді.

​"Өмірде қанша қиындық көрсе де еңсеріп, теңселіп көрмеген, тірліктің тезіне шыдаған текті адам ғой. Өнердегі жолы өзгеше болған соң да бұл кісіні аяқтан шалушылар көп болды. Бекзат болмысымен, өр рухымен бәрін де мойындатқан тұлға. Қамыққанда, жабыққанда әнмен жұбанатын жан мұңымыз, тағдырымыз ұқсас… Өзіңізді, өнеріңізді шексіз құрметтеймін, әпке! Алаштың аялы алақанында аман жүріңіз!", – деп жазды ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий